Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  91


Автор: Бижан Қалмағанбетов

СЫБАҒА

Түсіне алып жүрміз бе мына адамды,
Досың келсе алыстан сірә заңды.
Тарқатайын ауылдың жаңалығын,
«Қазан, кәне, сал, – дейді сыбағамды».
Көрген сәтте жұбайың күліп еді,
Енді абыржу өңінен білінеді.
Түсінгендей ортаншың пакетін ап,
Жақындағы дүкенге жүгіреді.
Осындайда өткеннің салты оралар,
Қол созатын жетеді мәрт ағалар.
Дастарқан да әп-сәтте жайнап кетті,
Майлы қазы, жал-жая, қарта да бар.
Сол ауыздан жоқ басқа алаңы да,
Жұмырлап кеп тығады тамағына.
Қандай қазақ ол өзі деп қояды,
Бір асым ет қоймаса қонағына?
Мұнысы не, даттау ма, күйесі ме,
Өші бардай шүйлігер үй иесіне.
Дастарқаннан ақ дәмін жеп отырып,
Қарамай ма ықылас, ниетіне?
Досым ба, әлде басқа ма төрімдегі,
Бала мінез аңқылдақ көрінбеді.
Бәріміз де шықсақ та сол ауылдан,
Қалалыққа қатқылдау сенімдері.
Дей алмас ем мен мұны құр айтағы,
Көлеңкелі ой еріксіз мұңайтады.
Қолтығында құс жастық, асыңды ішіп,
Біздің қазақ осылай сын айтады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу