Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  69


Автор: Бижан Қалмағанбетов

БАС

Бұдан басқа дей алмаймын жоқ та өнер,
Өз жырларын жатқа соғар төкпелер.
Бұл өмірде ақылдылар жетерлік,
Бірін айтсам, екіншісі өкпелер.
Баспен ойлау шындығында қиын ба,
Сан қиялдар жөнеле ме қиырға?
Басқаратын ол штабың, сонда ғой –
Ауыз, құлақ, көзің менен миың да.
Ақиқатты айтса біреу өткір ғып,
Дені дұрыс адам ба деп көп күлдік.
Шақша басты шарадай ғып қанша рет,
Аямастан тау мен тасқа соқтырдық.
Түсіндірші мына жайды құрдастар,
Әлде мұнда кекесін бір жүр ме астар?
Жәй сөз емес әнге қосып шырқаймыз,
«Той дегенде домалайды қу бастар».
Не жетпейді, қажет емес ерегес,
Бас жарылды дейді шықса төбелес.
Екі иықтың ортасына қойылған,
Ол ойыншық шар, тебетұғын доп емес.
Бригадир ашып тұрып жиынды,
Бас қайда деп інімізге шүйілді.
Тоқтат деді бір егделеу ағамыз,
Айқайыңмен ашыттың ғой миымды.
Тағдыр салса ұшырасар көп белес,
Сағымменен қудым деме босқа елес.
Бар мәселе – жасатуда миыңды,
Домаланып, тыныш тұрған баста емес.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу