Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  45


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ІЗ

Өткенің мен алдағыңды топшылар,
Қазағымнан кемеңгер жан жоқ шығар?!
«Уа, шырағым, ауыл-елің аман ба,
Қай рудың баласысың?» деп сұрар.
Кейуанаға бұр да сол сәт жүзіңді,
Сәлем бергін салт-санамен бұрынғы.
Бастап берсең шежіре ғой қарттарың,
Әрі қарай тарқатады ізіңді.
Міне, жігіт, сыналар кез тақалды,
Жетім дейді айта алмасаң қатал-ды.
Алдындағы ашып тастап кітабын,
Тізіп берер сенің жеті атаңды.
Бітер ме деп уайымдамай бұл кетік,
Жүрген жақсы тарихыңды іздетіп.
Қандай ұят түк айта алмай тұрғаның,
Еңсең түсіп, мойныңа су кетіп.
Соны пікір көкірегіңе қона ма,
Өкпелеме, түсші, кәне, сабаңа.
Артық емес білсең үрім-бұтақты,
Үйрет оны немереңе, балаңа.
Аяздайын батса-дағы арқаға,
Мұным шындық, дәлел айтып шаршама.
Із-түссіз-ақ шыбын жанын пида етіп,
Ағып түскен жұлдыздарым қаншама!
Аштым демен жұрт алдында жаңалық,
Айту парыз бұл жөнінде қадалып.
Мына өмірде сайрап жатсын ізіміз,
Кетпейікші белгісіз боп жоғалып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу