Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  150


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ДӘРІ

Жұмбақ емес жария етсем бұл жайлы,
Өзінше әркім долбар айтып шулайды.
Адам болып жаралған соң өмірде,
«Балтыр сыздап, бас ауырмай» тұрмайды.
Салдың деме бұрынғының әніне,
Тәуелді оған жас та, еңкейген кәрі де.
Амалсыздан жанымызға дауа іздеп,
Қол созамыз түрлі-түрлі дәріге.
Алтындалған әдемі етіп қорабы,
Қалталылар ең қымбатын табады.
Түйірлерін қылғытқан соң суменен,
Жаның бір сәт жәй тапқандай болады.
Жол сілтер деп үміт етіп күттік пе,
Абайсызда тұзақтарға түстік те.
Емшілерге сенгеніміз соншалық –
Ішірткі деп қағазды езіп іштік те.
Жаяу жүру, жүгіріс те жөн дейді,
Дәрігер де бұған қарсы келмейді.
Тамақ ішіп, тыңқиып кеп ұйықтаймыз,
Қимылдауға мойнымыз жар бермейді.
Билеп тұрған төрт дүниенің бұрышын,
Хан, сұлтандар дейді дәрің құрысын.
Қымыз, шұбат, тіпті қара шайың да,
Жазған дейді дене құрыс-тырысын.
Қимай жайлы төсек пенен ұйқыны,
Қисаям деп ойламаймыз бір күні.
Салауатты өмір салтын ескермей,
Ауырып ап ем іздеген күлкілі.
Биігіңді алмақ болсаң көздеген,
Адамдарды жүрегіңмен сез дер ем.
Желпіндіріп, қуантып бір айта алсаң,
Керемет бір дәрі дейді сөз деген.
Мына өмірде дертің ауыр соқпасын,
Бас білдірер кигізген соң ноқтасын.
Төзімді бол әр нәрсеге байыппен,
Булығып кеп басыңа қан шаппасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу