Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  175


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ОЙЫН

Айтар болсақ сол балалық жайында,
Талай-талай қызықтар бар ойымда.
Доп та қудық, жасырынбақ ойнадық,
Еш алаңсыз беріліп бір ойынға.
Өткен шаққа неге сонша бұрылдым,
Сол кезеңнің отына мен жылындым.
Саған дос кім, бар ма тіпті дұшпаның,
Байқалады осы ойыннан ұғынғын.
Бұзып кейде аппақ көңіл, сезімді,
Бола алмай-ақ келеміз-ау төзімді.
Есейсе де кейбіреулер кек сақтар,
Бала күнгі ойнап айтқан сөзіңді.
Тартпау үшін кейін соның зардабын,
Ойыннан дос от шығарып алмағын.
Әр сөзіңе сөйлегейсің мән беріп,
Ойнадым деп ойыңды айтып қалмағын.
Мен де айтайын - белгілі жәйт баршаға,
Миына ақыл құямын деп шаршама.
Болашағын болжай алмай адасып,
Ойнап жүріп от басқандар қаншама?!
Мойын бұрмай қазақы әдет-ғұрыпқа,
Жаспын дейді-ау кейбіреулер қырықта.
Әзілдің де айналайын жөні бар,
«Жеті өлшеп, бір-ақ кесші», ұмытпа.
Дау да айтпаймын кеуде соғып таласып,
Шын ба, ойын ба – бермес ешкім бал ашып.
Бірін-бірі риясыз көңілмен,
Түсініссе кетер көңіл жарасып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу