Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  82


Автор: Бижан Қалмағанбетов

АЙНА

Ұнатпас жан десе-дағы көріксіз,
Қай кезде де заңдылыққа берікпіз.
Апыл-ғұпыл шығып бара жатсақ та,
Айна алдына кідіреміз еріксіз.
Бұрыламыз оңға, солға, көлбейміз,
Көктемдегі теңіздегі сеңдейміз.
Бас-аяққа жіті қарап бір өтіп,
Жағамызды, жеңімізді жөндейміз.
Зауқың болмай, шаршап жүрсең кейде енді,
Түймесі жоқ кие салсаң жейдеңді.
Айна сені алдамайды әрдайым –
Көрсетеді нақты кескін-бейнеңді.
Жарқырап тұр кіріп барсаң әр үйге,
Тазалықтың символындай, әрине.
Таңдамайды, жас, кәрі деп бөлмейді,
Тұр ма алдында бойжеткен бе, сәби ме.
Сен қандайсың, көріп отыр бәрін ел,
Өзгерем деп болмай-ақ қой әбігер.
Қандай айла-шарғың болсын өтпейді,
Айна әділдік компасындай көрінер.
Қашан айна қолдан түсіп, шеттеді,
Маймыл сынды болма оған өкпелі.
Екі жағы мына өмірдің сияқты –
Күнгей және көлеңкелі беттері.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу