Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  68


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ӨЗ ҮНІМ

Дауысым, шығар жарқын өз үнім де,
Білдірем, ол албырт шақ, сезімім де.
Ойымды ұғасың сен, түсінесің,
Осынау заманымның шеруінде.
Тұрсын тек қай кезде де самғап үнің,
Жалғайды жақсылыққа арман-ұғым.
Талпынған қияларға үмітпенен,
Мен де бір жыр-әлемнің тарланымын.
Қазақпын, қасиетті текті жаным,
Қанатты самғар көкте бек қыраным.
Жамағат шатыстырмай өзгеменен,
Дауысымды таныса екен деп тұрамын.
Кеудем сандық, көңілде бай талабым,
Келмейді өткен жәйтті қайталағым.
«Бас кесу болса-дағы, тіл кеспек жоқ»,
Ойымды іркілместен айта аламын.
Қалайша ертеңімді күдікті етем,
Қиындықты алмастай тіліп те өтем.
Жас шағында топ жарып, шықпай алға,
Байқатпаса өз үнін жігіт пе екен?!
Қашпасын сұрақ қойсам құтың аға,
Ішіңнен тынып және шытынама.
Үн қатпаған әлсіздік, мен сенбеймін,
«Үйдей пәледен де олар құтыла ма?»
Әрдайым жолың болсын, айналайын,
Қолыңды соза берші айға дәйім.
Өз үніңнен қашан да байқалады,
Нұр-жүзің болсын таза айнадайын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу