Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  83


Автор: Бижан Қалмағанбетов

СЫН

Біреуге аға, біреуге іні, қайынбыз,
Білеміз ғой халқымыздың жәйін біз.
Әңгімеміз таусылғандай кей сәтте,
Біреулерге мін тағуға дайынбыз.
Сейілмей тұр жайсыздықтың тұманы,
Сын айту ма сонда басты құралы?
Мылжың дейміз ақтарылып сыр айтса,
Әзілдесе қалжыңбас боп шығады.
Батыл айтсақ төмендігі сананың,
Омартадай гуілдейді араның.
Дастарқаннан асын ішіп отырар,
Дүние де жимапты деп сабазың.
Шын болмаса сынның әсте жоқ құны,
Мұның бәрі қарнымыздың тоқтығы.
Өсегіңнің өзегіне айналар,
Үй тарлығы, балалардың көптігі.
Мұны айттырған қызғаныштай жауыз ба,
Кешегі күн сыйдық жарты қауызға.
Әркімнің «өз үйі – өлең төсегі»,
Балаларды неге алдық ауызға?!
Сараң дейміз бере алмаса, жетпесе,
Айтшы сонша сөгерліктей кетті есе.
Танымаймыз, қолын да алмай өтеміз,
Біреу шенді қызметінен шеттесе.
Жапырақ жайып, көктесек те мәуелі,
Бітпейді бір сол сынаудың әуені.
Кемшіліксіз көргенім жоқ пендені,
Өзімізге қарайықшы әуелі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу