Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  362


Автор: Бижан Қалмағанбетов

АҚТӨБЕ

Осы аймақ жайнап әркез жатса дедім,
Мен одан пейіштейін бақ көремін.
Жайылған атағы елге құтты мекен,
Мен бүгін перзентімін Ақтөбенің!
Қаламның ертеңіне ел сенеді,
Жасай берсін егемен, еңселі елі!
Қыз беліндей қайыңдар бұраңдаса,
Жас шыбықтар көшемді көмкереді.
Ағаштардың қуантып бүр жарғаны,
Жазғы кеште жастардың қызған бағы.
Айқара ашып қақпасын шақырады,
Ақтөбемнің саябақ, гүлзарлары.
Жаңылмайды ерте-кеш ән-күйінен,
Таныссың ба сен оның тағдырымен?
Жерге кілем жайғандай алуан гүлдер,
Жүріп өтсең сен Абай даңғылымен.
Сұңғылалар бір сәтке тоқтай қалып,
Сонсоң тыңғылықты ісін бастайды анық.
Тұр әне, Әбілқайыр, Әйтеке мен
Әлиям кетсе-дағы тасқа айналып.
Ардагерлер бас қосып кешқұрымда-ай,
Қарайламай өтпейсің, басты бұрмай.
Мәңгілік алауы тұр даңғылында,
Батыр қыздың өшпейтін жастығындай!
Орындалып бар қиял бір кездегі,
Жоқты-барды өр халық бірге іздеді.
Шақырып имандылық жолына бір,
«Нұрғасыр» тұр жарқырап күмбездері.
Құрып мұнда сан ұлттар керегесін,
Көрсетуде татулық өнегесін.
140 жылдан астам тарихы бар,
Тауыса алман Ақтөбемнің кереметін.
Тұрақтамай уақыт та зулайды анық,
Алға ұмтылар еңбекпен тынбай халық.
Төбе деген кішірек атың ғана,
Сен биіктеп барасың шыңға айналып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу