Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  281


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ҚҰРЫЛЫСШЫМЫН

Қолға алғаш тиген соң ұлы нұсқа,
Дейді өмір кәсіптің бірін ұста.
Зәулім үйлері қаланың тәнті етті ме,
Құмар болдым әйтеуір құрылысқа.
Жастық жігер – сен неден іркіліп ең,
Келдім жетіп алаңға бір күні мен.
Маңғаз күйде шақырып сонадайдан,
Крандар тұр көк тіреп тұмсығымен.
Табылды тез ақылшым, серігім де,
Қайнай бердім жұмыстың көрігінде.
Қатар-қатар қаланса қабырғалар,
Өсе түсті марқайып көңілім де.
Пәтер, пәтер – тілегі барша жанның,
Қанша адамның сенімін арқалармын.
Қос бөбегім мойныма асылғанда,
Жұқанасы қалмайды шаршағанның.
Үлгілі өтсін жігіттің қыран шағы,
Жақсылыққа жүзімді бұрам-тағы.
Келер ұрпақ қастерлер сол үйлерде,
Қолтаңбамның қалғаны қуантады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу