Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  108


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ДОМБЫРА МЕН ҚЫЛЫШ

Әнші-жырау осал емес тегінде,
Көп айтамыз хас батырлар жөнінде.
Жігіт болсаң отбасының тірегі,
Домбыра мен қылыш тұрсын төріңде.
Жақсы адамдар бақытына таспайды,
Болмасын тек «байтал түгіл бас қайғы».
Домбырамен күмбірлетіп күй төксең,
Ал қылышың жамандықтан сақтайды.
Зор қайғысын аңда жүрген баланың,
Сол домбыра жеткізді ғой зар әнін.
Жошы хан да өз сертінен тая алмай,
Қорғасынмен ойған жоқ па шанағын.
Санамызды билеп бөгде қорқыныш,
Болмау керек әттеген-ай, олқылы іс.
Дұшпанын ол қалай ғана аясын,
Махамбеттің басын кескен сол қылыш.
Жетегінде жүріп шаттық, үміттің,
Аспан ашық, тұра берсін күліп күн!
Мен басқасын санамаймын, дегенмен,
Осы екеуін ардақтасаң жігітсің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу