Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  83


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ЕСКІ СУРЕТТЕР

Өтсе-дағы зулап жылдар, қанша күн,
Сол алаңсыз жастық шақты аңсадым.
Мынау менің тәй-тәй басқан кезім ғой,
Мынау менің балалық шақ - бал шағым.
Махаббатқа берілген жан жаттайды ән,
Көшедемін, үйге де көп жоқ пайдам.
Осы сурет көңілге ыстық көрінер,
Бозбаламын сағат тағып, шаш қойған.
Туған жердің бір перзенті екенмін,
Айды аспаннан демегенмен әпергін.
Көзім түссе қимас сезім билейді,
Сол бір жансыз бейнесіне әкемнің.
Қайта-қайта қарай бергім келеді,
Сол адамның бұтақ жайды желегі.
Құрметтейтін ауылы түгел тік тұрып,
Әкем соғыс ардагері еді.
Қалыпты ұстап, көп алдында таспадым,
Мөлдір болсын дедім көңіл-аспаным.
Сурет деген - өткен уақыт тарихы,
Мынау анам, іні-қарындастарым.
Біреу сүйер, біреу ашпас қақпасын,
Ол да ақиқат көпке бірдей жақпасым.
Қос бүлдіршін, мынау жарым қасымда,
Менің шағын мемлекетім – отбасым!
Соқпақты өмір асуы көп түсінем,
Алға ұмтылам бір арманның күшімен.
Болашаққа тарихымды жасаймын,
Суретке түсем және түсірем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу