Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  73


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ЖАҚСЫ АДАМДАР

Бағыт-бағдар көрсетіп, бастағандар,
Қанат беріп, ұшырып қоштағандар.
Әрдайым мен сендердің жаныңдамын,
Жетеді екен өмірде жақсы адамдар!
Бірі ағам, інім де, құрдасым да,
Әңгіме айтсам кетеді бір ғасырға.
Сенімдімін қайрылмай жүре берем,
Шақырса егер дайынмын шыңды асуға.
Еске салып қызықты өткенді де,
Қарсы аласың қысыңды, көктемді де.
Өзгелердей ішке кек сақтамайды,
Көтереді реніш, өкпеңді де.
Олар барда дейсің де күдікке ермен,
Айналасың осындай жігіттерден.
Алғыстарын жаудырып тарасады,
Қара суың болса да құйып берген.
Дұшпанды да ықтырар сұсы басса,
Мөлдір әйнек-сезімді шытынатпа.
Риза болып алтынға теңгермейді,
Сендегі ақ жүрек пен ықыласқа.
Ақиқатты айтсам кім таласады,
Ол ауылдың бозбала, қара шалы.
Жақсы адамдар осылар біле білсең –
Бүгінгің мен ұрпақтың болашағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу