Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  53


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ТУҒАН ЖЕР

Қамқоры боп жүрсем де бір ұяның,
Сезім атты мазалайды жиі ағын.
«Жер биігі» Атырауым, саумысың,
Кіндік қаным тамған жерім, Миялым?
Сатпас едім, құшағыңа ап тербеттің,
Бар байлығын сыйласа да жер-көктің.
Ауылдағы қара сирақ достармен,
Асық ойнап, доп қуып мен ержеттім.
Сағынышым көлбеңдесін көгілдір,
Құрманғазы күйлеріңді төгілдір.
Тайсойған мен Қызылқоға арасы,
Ер Махамбет ат шалдырған өңір бұл.
Араласаң баурай-белін кіріп бір,
Дейтіндей ме ертеңдерге сыр ұқтыр.
Жазушы ма, қайраткер ме, ғалым ба –
Менің өлкем шежіреге тұнып тұр.
Ұланыңмын ақ туыңды көтерген,
Бас тартпаймын парызымды өтеуден.
Жаңалықты шалса құлақ елдегі,
Ақтөбеден құстай ұшып жетем мен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу