Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  105


Автор: Бижан Қалмағанбетов

САҚАЛ

Кім қалталы бай адам ақшасы бар,
Дін қуған жастар да сол жаққа асығар.
Сақалдың көрмесі ме деп қаласың,
Қырмасы да, қабасы, шоқшасы бар.
Толығы да жүр мұнда, жүдеуі де,
Қайғы жұтса біреу сол тілеуі де.
Көзім түсті еріксіз сайрап тұрған,
Шоқша сақал жылпостау біреуіне.
Тіпті еркін, ешкімнен сескенбеді,
Қарттардың да ақылын ескермеді.
Оңды-солды қолдарын сермеп қойып,
Ауыздыға әйтеуір дес бермеді.
Ас көрмеген пәледей түк құрсағы,
Келді дей ме қолайлы ұтқыр шағы.
Табақтағы майлы еттен көсіп отыр,
Бүлк-бүлк етіп көрініп жұтқыншағы.
Садақа ма бұларды желімдейді,
Жырқ-жырқ күлер болса да өлім мейлі.
Жұрт алдында сарнайды молдамын деп,
Қылшық, жүннен жүздері көрінбейді.
Ойлантады халқымның ұтылғаны,
Ит орнына шошқа үріп құтырғаны.
Түзу жолға бастаса, айтшы, кәне,
Аппақ көйлек, ақ шалбар бұтындағы.
Ойламайды кемшін деп қай тұс әлі,
Жылағанды дей ме екен жәй құсалы.
Шариғатты алса да шатастырып,
Сөзге келіп, молдамен айтысады.
Мәз бола ма тұрлаусыз атағына,
Арамза молдалығы батады да.
Жұрт назары ауады байғұстың,
Шошаңдаған иектегі сақалына!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу