Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  52


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ЕКЕУ

Ақыл айтар таптым деп ұғар ұлды,
Анаң бір кез бұрады құлағыңды.
Айтшы кімге жалғыздық жарасады,
Мына өмірден тапқанша сыңарыңды.
Шарқ ұрасың дейсің де сені іздегем,
Тамамын деп тамшыдай теңізге мен.
Екеу болсаң бәрі де жарасымды,
Бірін-бірі сағынар егіз деген.
Бауыр тарттың, дос көрдің, жасқадың ба,
Талай істер тұрса да жоспарыңда.
Тектен-текке адамға берілмеген,
Екі құлақ, екі аяқ, қос қолың да.
Құтылмайсың қашсаң да жалтақ ізбен,
Ертегілер бітеді арты аңызбен.
Жыл басында сүйікті Аяз-Атаң,
Жалғыз емес келеді Қаршақызбен.
Тартпас дейсің ағайын төрі кімді,
Бастау үшін әңгіме көрігіңді.
«Жалғыздың үні шықпас» деген бар ғой,
Іздейсің әріптесің серігіңді.
Қарттар жүрсе әрдайым қатарға алып,
Ұқты ма деп отырар батамды анық.
Байысаң да баянды болар ма екен,
Ақыл, бақыт келмесе қосарланып.
Еліңе егеменді жарасып ән,
Адамзат биік тұрар дара тұлғаң.
Тарихқа көз жіберсек пенделер де,
Адам-Ата, Хауа- Анадан жаратылған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу