Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  95


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ЖАЗ

Жаз келді, бұл маусымның қызығы бар,
Жидесін, бүлдіргенін үзіп алар.
Өзен- көлдің көркіндей қаз-үйректер,
Толқынменен жүреді жүзіп олар.
Сыйлайлы ашық аспан нұр шуағын,
Демалып, рахатқа ынтығамын.
Шақырар жасыл терек саясына,
Барайық, қолыңды бер, жүрші, жаным!
Суға толы мөлдіреп жылғаларың,
Бұлбұл құстың үніндей тыңда бәрін.
Әсем кеште беріліп тың ойларға,
Ақ қағазға әдемі жыр жазамын.
Тауларды асып, сырғиды сағым елес,
Жұлдыз туып, орнайды тағы да кеш.
Аптап ыстық еріксіз шөлдетеді,
Бір қызығы күйдірер жалын емес.
Қиял қуып кетесің сан қырларға,
Алғысыңды жаудырып жаңбырларға.
Адамдар да риза табиғатқа,
Жер-Ананың төсін бір қандырғанға!
Келмегенде бейуақыт қасыңа мен,
Ойға шомып тамаша отырар ең.
Жаз дегенің жаныңның жасаруы –
Жан-жағыңа көз салсаң жасыл әлем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу