Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  58


Автор: Бижан Қалмағанбетов

БӨРІК

Сылтау іздеп отырғам жоқ ілікке,
Берілмейін десем-дағы күдікке.
Ойға кетем кейде оңаша қалғанда,
Бөріктінің бәрі осы жігіт пе?
Ауыр сөз де айтпас бекер ел тегі,
Кейде оғаш қылықтары өртеді.
Әйелінен бұрын басып айқайға,
Көршісімен керісіп тұр еркегі.
Апыл-ғұпыл тұра салып төсектен,
Әр қадамын санайтұғын есеппен.
Күйеулер бар әйелдерді сайыста,
Шаң қаптырып кететұғын өсектен.
Жұмбақ өмір асулары шошытты ал,
Кейде осыған кетеді екен тасып қан.
Құлайтындар табылады теректей,
Жылайтын да табылады жасықтар.
Билеп алса сол әлсіздік еркіңді,
Кейде бұзсаң орындамай сертіңді.
Жігіт деген сыйыспайды ұғымға,
Орамалға ауыстырғын бөркіңді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу