Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  158


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Көше кездік, доп та қудық, шаң қылдық,
Кешке барып, кейде түнді таңға ұрдық.
Түсінбеймін, қалқам, дара жүресің,
Жастық шақта біз сезбеп ек жалғыздық.
Аңдушы едік қыз тұрған үй бұрышын,
Махаббатсыз өткен күнің құрысын.
Ал сен болсаң қайрылмайсың ешкімге,
Үй, сонан соң табатының жұмысың.
Пенде емессің ауылынан жасықтың,
Бозбалалар айтқан шығар ғашықпын.
Лайықсың қызы деуге қазақтың,
Көріктісің, сөйлеп тұрған ашықсың.
Пікіріңмен мен де сенің таласпан,
Бәрі болар, төндірмейін қара аспан.
Жылдар бірақ кетер самғап қанатын,
Жалғыздық па – тек құдайға жарасқан!
Ән де айтасың, құр емессің өнерден,
Ештеңем жоқ, дейсің күліп көнерген.
Тең-теңімен, ойлан, кеш боп қалмасын,
«Тесік моншақ жерде қалмас» дегенмен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу