Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  60


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ТАБЫЛДЫҒА

Дос-туыстар өзіңді сағынды мың,
Тебіренткен талайды жалынды үнің.
Атырау деп бастасақ, түсінеді,
Елі ғой деп елеңдеп Табылдының.
Біздің қазақ жақсысын көпсінбейді,
Ұмытпайды ғасырлар өтсін мейлі.
Жүректерге тараған жылу болып,
Сенің жырың ешқашан ескірмейді.
Сөз ұстасы, жоғалттық зергеріңді,
Жазамын деп талпынған өзге мұңды.
Шартарапқа паш еттің әнге қосып,
Кіндік қаның тамған жер – Дендеріңді.
Көк бөрідей аш, иә тоқтығыңды,
Білдірмеуші ең тік ұстап шоқтығыңды.
Өзің ажал құшсаң да семсер жырың,
Сездірмей жүр өзіңнің жоқтығыңды.
Топты үйіріп, отырдың ортаңда ашық,
Қыз-қырқындар қарайтын жаутаңдасып.
Осы кеште қолыңды көкке сермеп,
Жүргендейсің біздермен алшаң басып.
Өзің сері, еңселі жырың нар-ды,
Тәубесіне келтірген зұлымдарды.
Найзағайдай жарқ етіп аққаныңмен,
Жұлдыздайын құйрықты ізің қалды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу