Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  58


Автор: Бижан Қалмағанбетов

НАН

Қыруар жұмыс көсілуді күтпейді,
Диқандарға үлкен міндет жүктейді.
Нан да мынау, біліп қойғын, ол бірден –
Аузыңа ақ бөлке боп түспейді.
Түсінеді жеткен жандар өресі,
Дүкендердің тұрса толып сөресі.
Бұл көктемнің әрбір күні ме – жылға азық,
Алқаптарда жүзер дала кемесі.
Ақылдасар бар мамандар жыйылып,
Кең даланың несібесі бұйырып.
Алтын астық күні-түні жатады,
Тау-тау болып қамбаларға құйылып.
Болмаса да қымбат жиһаз, сан кілем,
Наның барда демегін тек жарлы мен.
Ұмытсаң да арақ-шарап, басқаны,
Дастарқанға наныңды әкел алдымен.
Елім бейбіт, туым көкке өрлеген,
Ақ таңдарды қарсы аламыз сәнменен.
Қиқымы да алдыңда оның жатпасын,
Тағамдардың төресі ғой – НАН деген!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу