Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  54


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ҮШ НӘРСЕ:

Тап алдынан жолықтырып есіктің,
Қас жауыңды жеп қоярдай өшіктің.
Мүмкіндік бар, уақыт келді, сөзіңді айт,
Бұл үшеуін қолданбасаң кешіктің!
* * *
Қанша дарын болсаң-дағы білікті,
Ертеңгі күн жұмбақ саған, күдікті.
Демек , достым, жоғалтуға болмайды,
Тыныштықты, абыройды, үмітті.
* * *
Азаматсың құптайтұғын жаңаны,
Ашық саған ой-пікірлер алаңы.
Ақ махаббат, нұрлы сенім, шын достық,
Біле білсең бәрінен де бағалы.
* * *
Жігітпіз ғой, уәдеден тайдық па,
Ұмтыл алға, қиындықтан қаймықпа.
Сенімді емес, саған жолдас болмайды,
Сәттілік те, арман және байлық та.
* * *
Сезілсе де мынау өмір кермегі,
Түзу ұста, бұра тартпай делбені.
Айқындайтын үш нәрсе бар адамды:
Жетістігі, адалдығы, еңбегі!
* * *
Тауға-тасқа соғып басты ісірдік,
Сабамызға түсіп кейін түсіндік.
Азғын етіп көрсетеді пендені –
Ашу –ыза, өркеуделік, ішімдік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу