Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  94


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ҚАҢБАҚ

Болсам да адам жөні дұрыс, салмақты,
Жастық шақтың көбі есте қалмапты.
Дегенменен ұмыта алман достармен,
Ен далада қуған шақты қаңбақты.
Ыңғайыңа қарап біреу жәй күлер,
Бар болмысын бет-әлпеті әйгілер.
Адамдар бар қаңбақ сынды жеп-жеңіл,
Ұшарын жел, ал қонарын сай білер.
Ол сенімді, жанына ертпес оқ қағар,
Әр қиырдан жеткізер де шат хабар.
Жүрегі де тап-таза, жоқ арамдық,
Ақкөңілмен ішкі сырын ақтарар.
Күтіп тұрған дұшпандары жоқ алда,
Тоңмойын ба – пысқырмайды оларға.
Жақ ашпайды мұны көрген перілер,
Отырады ұқсап кескен томарға.
Тартып та ішпес әлсіздердің көжесін,
Ақиқатты басы бар кім бөгесін.
Мен ұнатам көкірегі жарықты,
Ал басқалар қаңбақ десін, не десін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу