Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  60


Автор: Бижан Қалмағанбетов

АҚЫН

Қоразданып біреулер талтаңдайды,
Ал ақынның жыры отты байқалмайды.
Көпе-көрінеу көрмейді, қызғанады,
Мықтымын деп ол өзін айта алмайды.
Кеуделілер кеткен бе күш алып тым,
Күн кеше ме пырақтар тұсалып мың?
Ақын ішін жегідей жейді бәрі,
Құрсауынан шыға алмай құсалықтың.
Пенде таппай ой айтып, достасуға,
Бағыт ұстар мәңгілік басқа асуға.
Көзді жұмып бірауық бел буады,
Мынау жарық дүниемен қоштасуға.
Мойындайды дұшпандар сырттай бағып,
Жылтырайды байлықтан мұрт майланып.
Кереметті қараңыз басқаша әлем,
Кеткен екен түсінде бұлтқа айналып.
Жарылқаушы зәмзәмнан құйып берген,
Қол бұлғайды жақтастар сүйікті елден.
Өлеңдерін жас ұрпақ жатқа оқып жүр,
Бәрі-бәрі тамаша биіктерден.
Өз салаңның болсаң да кемеңгері,
Бақталастық жойылмас өнердегі.
Оянғанда ойына оралды оның,
Бәрі ісі екен ұсақтардың төмендегі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу