Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  60


Автор: Бижан Қалмағанбетов

МАХАББАТ

Арқау болған әсем жыр, тәтті өлеңге,
Сүйе алмасаң кетпес деп ештеңең де.
Жүргендердің сөзіне көнбес едім,
Сенбес едім махаббат жоқ дегенге.
Бүршік атып алаулап сезімдер де,
Көп ойлаймын шет жүріп көз ілгенде.
Тартып оның тұрады жұмбақ күші,
Басқа емес байқаймын өзімнен де.
Жүрек тулап, қанымның ағыны шын
Жасай алам мен бәрін жарым үшін.
Енсем болды құштарлық орманына,
Билеп кетер бойымды сағынышым.
Сүйемін деп оқыста бас саларсың,
Демейді ол да, емеспін оспадар тым.
Көкірегімді толтырып асыл нұрға,
Жүгіреді папалап қос қанатым.
Сезеді дос жалған сөз қоспасымды,
Ақылды әйел шығарар жақсы атыңды.
Ризамын осындай жарды тапқан,
Бірлік сақтап, ұйытқан отбасымды.
Қараймын да замандас, тұстасыма,
Алға тартам парыздық жүкті асыға.
Ол да маған сенеді, шек келтірмей
Махаббаттың ақ туын жықпасыма!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу