Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  91


Автор: Бижан Қалмағанбетов

СЕНІМ

Жігіт болсаң дейді кейін шегінбе,
Текке айтылған сөз емес бұл тегінде.
Қай кезде де тәуекелге бел буып,
Жүрген жақсы ұдайы бір сенімде.
Тындырғандай шалажансар олқылы іс,
Топ ішінде пайда болар толқыныс.
Қандай жаман үркек қоян секілді,
Өн бойыңды билеп алса қорқыныш.
Қашсаң күлер қалың тұман, дүлейден,
Боп-боз болған көрсе өңіңді сүлейген.
Сенім атты сәйгүлігің қашан да,
Озық тұрсын бойыңдағы үрейден.
Отырып қап жұмысыңмен кеңсеңде,
Сол түнгі бір тәтті ұйқыңды берсең де.
Қиялыңды қияларға жүздіріп,
Жоспар жаса сенімменен ертеңге.
Нұрын шашқан мынау ғажап өмірден,
Айтшы, қане, қандай пенде жерінген?
Жоқты-барды жинап қойып ысырып,
Болашаққа қол созайық сеніммен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу