Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  444


Автор: Бижан Қалмағанбетов

КӨРЕ АЛМАУШЫЛЫҚ

Одан гөрі болмадым деп ептірек,
Көкірегін жүретұғын кек тіреп.
Той жасаса біреу іштей табалар,
Қайдан сорлы менен озып кетті деп.
Дес бермейді тура сөзге, түйінге,
Әдеп сақтап, қалдырмайды кейінге.
Кездейсоқ бір ұшырассаң көшеде,
Көзі түсер келбетке емес, киімге.
Жас келсе де дей алмас ек жөнделді,
Біреу өссе қалайша деп сенделді.
Саусақ бүгіп отырғаны күбірлеп,
Санап сенің жалақыңды – теңгеңді.
Елең қылмас оны ұят, ерсі де,
Деп тұрғандай маңдайым да тершіме.
Қақпасынан сығалайды бақылап,
Кімдер келіп-кетіп жатыр көршіге.
Өз-өзінен ашу қысып сызданған,
Жанашыр жан таппастай боп бұл маңнан.
Тынымсыз бір күй кешеді, соңында –
Қызыл итке жем болады қызғанған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу