Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  63


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ШОПАНДАР ТОЙЫ

Жастандым жусан менен қияғыңды,
Туған жер сен дегенде күй ағылды.
Өзіңе құстай ұшып келдім жетіп,
Сағындым ізім қалған Миялымды.
Жатса да айлар, жылдар сан алмасып,
Көңілім алтын өлкем саған ғашық.
Армысыздар, әжелер, ақсақалдар –
Алдымен алайыншы амандасып.
Бәріңді құшып-сүйдім ауылдастар,
Қаулаған қызғалдақтай жалын жастар.
Сендер аман жүріңдер ізетті іні,
Құрметтейтін иіліп қарындастар.
Үндестіріп бабалар салтыменен,
Мойымаған сындарға халқым ерен.
Сіздерге енді мойын бұрайыншы,
Тындырар бас шаруаны малшы деген.
Ер-тұрман, қайыс қамшы сайманыңыз,
Келіпсіз қырдағыңыз, ойдағыңыз.
Асқақтатқан ауданның мәртебесін,
Шопандар құтты болсын тойларыңыз!
Тараған тұлпарының майда жалын,
Қашыпты төрт түліктен қай қазағың.
Сендер еңдер кең дала қырандары,
Тасытқан мол табыстың тайқазанын.
Өлшеусіз ардагерлер бергеніңіз,
Еленді төккен тер мен еңбегіңіз.
Сол жылдар куәсіндей жарқылдайды,
Кеуде толы медаль мен орденіңіз.
Күй төгіліп домбыра шанағынан,
Тербесін Қызылқоға алабын ән.
Бұл үрдіс ұмытылмай келе жатыр,
Жалғасып сонау кеңес заманынан.
Бәріңді шығарыпты жиып төрге,
Риза боп отырсыздар биік кеуде.
Сан алғыс құрметтеген өз ерлерін,
Биліктің басындағы жігіттерге!
Атқарып талай жылдар белестерін,
Білеміз жүздеріңді жел ескенін.
Сіздер аман жүріңдер, қажет бізге –
Пайдалы ақыл-ой мен кеңестерің.
Уақытты ұшқыр ілеспес пырақ дерсің,
Ұрпақтарың топ жарып ту ап келсін.
Бұл кездесу өшпестей есте қалып,
Қан жүгіртіп, денеге қуат берсін.
Орындап бабалардың аманатын,
Кәсіп бұл ең құрметті саналатын.
Кездесейік осындай тойда ғана,
Ауданның тасы өрге домаласын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу