Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  83


Автор: Бижан Қалмағанбетов

АЗАМАТ

Байтақ елміз, тәуелсізбін, азатпын,
Заман тыныш, нұрын шашар ғажап күн.
Азаматпын отағасы атанған,
Ең алдымен мұсылманмын, қазақпын.
Сенсің уақыт артық кетсем кешірген,
Келем жортып қалмайын деп көшіңнен.
Бақытты әке санар ем мен өзімді,
Ұясында ұл да, қыз да өсірген.
Ұлы еңбектің алсам биік асқарын,
Ортақ іске менің де үлес қосқаным.
Байлық көксеп жинамадым мал-мүлік,
Қазынам сол – аңқылдаған достарым.
Шетел бардым жақсылармен теңелдім,
Жанашыры болып жүрмін өнердің.
Көрсем деймін Қазақстанымды да,
Қатарынан кереметтей сол елдің.
Қалмай бәрі ескі-құсқы қалпынша,
Ал жастарым білім қуып талпынса.
Ырысты боп босағасы жайнайды,
Әр азамат өз елім деп талпынса.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу