Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  69


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ЖІГІТТІК

Өзімізше бой түзеп ұлдар жағы,
Жүзеге асса көңілдің ізгі арманы,
Деген оймен дүрсілдеп жүрегіміз,
Махаббаттың көктеді қызғалдағы.
Жатсақ-тұрсақ солар боп алаңымыз,
Билеп алды түгелдей сананы қыз.
Ұстаздар да көрінді кешірімді,
Кейде оқылмай қалса да сабағымыз.
Мүмкін емес бұған дос қосылмауың,
Ұнатсаң да мұң болар жақындауың.
Қыз алдында қызартпай тілейсің сен,
Тақтаға да сол күні шақырмауын.
Телефонмен айтарың үйдесің бе,
Әрі қарай таппас сөз үйлесім де.
Жарылардай сен оны қызғанасың,
Көріп қалсаң өзгемен би кешінде.
Жыр арнайсың көркіне, бұрымына,
Мәз боласың назданған қылығына.
Жүз аққуды қалайсың, амалың не –
Бірі қонар бақыт боп тұғырыңа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу