Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  63


Автор: Бижан Қалмағанбетов

БАЛАЛЫҚ

Уақыт қалай сынаптайын зырламақ,
Сонау жылдар сағынышпен тұр қарап.
Ақ таяқты ат қып мініп жүгірдім,
Шекер, нанды топыраққа былғап ап.
Тентектікті демен ешкім түзетті,
Шөп-шөңгеден табаным да дыз етті.
Болашаққа батыл қадам бастым мен,
Батырдайын жауға шапқан жүректі.
Баламын ғой, сонда да ерте ес білгем,
Жеңілмеуге белді будым ешкімнен.
Тезіне өмір салды бізді ертерек,
Жазда ыстық құм, қыста ақ қар кештім мен.
Мал келгенде ораламын іңірде,
Ойнап-ойнап ақ тер, көк тер түрім де.
Қандай рахат шаршаған соң балбырап,
Ұйықтағаның жылы пештің түбінде.
Алаңсыз шақ жан-жүйеңді ерітеді,
Асау аттай бұра тартқан тертені.
Ғажайып бір аралайсың әлемді,
Түсіңе еніп анаң айтқан ертегі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу