Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  71


Автор: Бижан Қалмағанбетов

СОЛ ЖЫЛДАРДЫ КЕЛЕМ ӘЛІ ҰМЫТПАЙ...

Қызға салған кезіміз ғой құрықты-ай,
Жігіт те едік онда біздер сырықтай.
Зулап уақыт өтсе-дағы арада,
Сол жылдарды келем әлі ұмытпай.
Айтқым келіп батыл саған ой да өктем,
Ауызды емес жүрегімді сөйлеткем.
Топ ішінен көріндің сен сұлу боп,
Мен көз салған ең әдемі бойжеткен.
Кезі келер дегендейін тыңдармын,
Әдеп сақтап сездірмедің ызғарлы үн.
Арта түсіп құштарлығым өзіңе,
Сені барлық жігіттерден қызғандым.
Сезіміңді аша алмадым құлыптай,
Сен де жүрдің түсінуге тырыспай.
Содан кейін екі айырылып жолымыз,
Сыйласатын жәй дос болдық туыстай.
Есімде әлі жастық шағың сол тұлға,
Құмар едік қызық қуып жортуға.
Тарта бердік бұрылуға жоқ шама,
Өмір атты ілесіп ап толқынға.
Өсіп-өндік теректейміз саялы,
Жарқын күндер алдан құшақ жаяды.
Қызға ғашық болған сәттер алғашқы,
Анда-санда ойға түсіп қояды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу