Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  128


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ҚИНАЛАМЫН, ҚИМАЙМЫН...

Өзің барда жоқ менің үйге алаңым,
Бар жақсымды тек сен деп жинағаным.
Кейде қатты сөз айтсам, өкпелетіп,
Алдым-ау деп артынан қиналамын.
Жұбайыңды аяла, сыйла, жаным,
Жүруді артық дейді анам, тый, қарағым.
Сапар шексем алысқа жаутаң-жаутаң,
Қарай берем артыма қимағаным.
Махаббатым өзіңе ерек менде,
Айта аламын сүйеніп деректерге.
Тоңсаң егер өн бойым қалтырайды,
Аяз сорып жүзіңді, жел өпкенде.
Нені біздер, жігіттер, сөз етпедік,
Бәріңді де сұлу деп өжектедік.
Жаның сұлу болғаны қандай жақсы –
Жібересің қиналсам демеп келіп.
Айлар, жылдар зуылдап жиі алмассын,
Есімде әлі той-думан, күй, алғашқы үн.
Шуақ шашқан жаныма күнім дейін,
Енді өзіңнен басқаны сүйе алмаспын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу