Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  149


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ТАУ

Жетпесем де зымыраған киікке,
Өстім елдің топырағын сүйіп те.
Шамамызға қарамаймыз қашан да,
Ұмтыламыз қол жетпейтін биікке.
Ойым да жоқ бұған айтар бір өкпе,
Альпиниссің тауға шықсаң дір етпе.
«Таудай болғын, құлыным» дер балаға,
Қосыламын бұл шынайы тілекке.
Талай мықты қол алысып, қауышуда,
Өктемдік бар дөкейлердің даусында.
Бәрі әйтеуір жоғарыны қалайды,
Бәрі әйтеуір шеттерінен «тау тұлға».
Түсінбейміз бәрі «бірді» ұнатты,
Басшы болса «алтын адам» сияқты.
Көпке,әрине, күл шашпаспын, дегенмен
Кейбіреуге қимас та едім қыратты.
Сөзге шорқақ, ойдан-қырдан құраған,
Даусы да әлсіз естілгендей жырадан.
Ойлады ма, оңай болмас күні ертең,
Сол биіктен төмен қарай құлаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу