Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  107


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ҚЫЗҒАНЫШ

Қазақ жомарт, қазақ кең ғой десе де,
Қызғаныштың оты осы бір өше ме?
Қайдан алды дейміз кейде көршіміз,
Жақсы костюм киіп шықса көшеге.
Бұл кім екен апта бойы тойлатқан,
Қақпасына шетел көлік байлатқан.
Туындайды ойымызда сан сұрақ,
Руы кім, келген екен қай жақтан?
Іштарлығын жүрер әркез ұқтыра,
Кеңдігін ол қызғанышқа жықтыра.
Өсек айтар туысымның тұрмысқа,
Кенже қызы шығыпты деп мықтыға.
Жатам ба деп ертелі-кеш шалқамнан,
Шығайықшы төрт қабырға- қалқаннан.
Дегендердің дауыстарын естідім,
Екі батыр сөйлесіп тұр балконнан.
Ағытар ем әңгіменің бұлағын,
Тым жеңілдеу шығыпсың ғой, шырағым.
Дейді бірі үлкендігін сездіріп,
Бұлт қалың ғой жауар ма екен мына күн?
Ол шынында жақсы пікір күткен-ді,
Байқамады сырын ішке бүккенді.
Әй, солай ма, деді-дағы екіншісі,
Аңқау байғұс дереу ішке зып берді.
Ауа-райы жоқ па еді әсте сауатың,
Аспан ашық түрі де жоқ жауатын.
Ей, сабаз-ай, тауып айттым дер ме екен,
Қызғанғанын табиғаттың ауасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу