Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  112


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ТӨРТ ТАҒАНДАР

Жоқ-жоқ деме бар даусыңмен керілдей,
Тұр ертерек түске дейін керілмей.
Әрекет ет, ізде талмай бақытты,
Абайша айтсақ «еңбек еткін ерінбей!»
* * *
Баспана ма, салсаң жұмса бар екпін,
Ойластыр тек жұмысқа не қажеттін.
Ең алдымен суды кіргіз шөл басар,
Шаршағанда сая болар тал еккін.
* * *
Жақсы ісіңмен өнеге етсе ел сені,
Байқалады кісіліктің өлшемі.
Уақыт шіркін ұсынғанда жемісін,
Тесіп шығар ақиқаттың семсері.
* * *
Зейінді жан тез-ақ баурап ортаны,
Жүрсе жаман көлеңкеден қорқады.
Рахмет пен алғысыңды аямай,
Дер кезінде риза еткін баршаны.
* * *
Мініп алып қымбат көлік шетелдік,
Еңбек еттім деп бұлданба өтерлік.
Білетінің бұл өмірде шамалы,
Білмейтінің таудай биік, жетерлік.
* * *
Саналылар күнін мәнді өткізбек,
Қалар есте сол жылдардан шоқ тізбек.
Ойыңды асыл жүзеге асыр тіріде,
Бұл өмірді есептеме шексіз деп.
* * *
Ақылды қыз шақырмай-ақ құрбысын,
Таңдамайды жігіттердің жындысын.
Жасы үлкен болса-дағы сүйгені,
Суын құйып, алып берер сүлгісін.
* * *
Саған артық қойылмайды түк талап,
Қонағыңа көрсет пейіл сүттен ақ.
Қабақ шытсаң аз отырып, көп сынар,
Қазы-қарта ұсынсаң да тықпалап.
* * *
Орны бар қатал тәртіп, шешімнің,
Байыпты боп абыройды өсіргін.
Басын иіп келсе алдыңа дұшпаның,
Бәрін де ұмыт, қателігін кешіргін.
* * *
Текке жоймай зымыраған уақытты,
Тапқандай боп жарық жұлдыз, жақұтты.
Қуанғаны қандай жақсы мәз болып,
Жанса еңбегі сол адам ең бақытты!
* * *
Түсінеді ықыласыңды бала да,
Жаңқа болма шығып қалған жағаға.
Еңбегіңді құрмет тұтсын десең жұрт,
Ең алдымен сен оларды бағала.
* * *
Дінді үйреніп, ой-пікір тоқығандай,
Жүрер біреу сәлде орап, шоқынардай.
Парасатты жандарды көп тыңдасаң,
Боласың жақсы кітап оқығандай.
* * *
Мысалға алсақ әтеш пенен тауықты,
Ажыраспай, құрар бірге сауықты.
«Жол тапқанша жалғыз, көппен адасқын»,
Саяқ жүрген хайуандар да қауіпті.
* * *
Сөзден осы қалса да құлақ тұнып,
Өміріңе жаққайсың шырақ қылып.
Қызғаныштың ермесін қызыл иті,
Махаббаттың тірегі – тұрақтылық!
* * *
Жуан жұдырық, көрсетпе білегіңді,
Одан да айт жастарға тілегіңді.
Садақ оғы жаралар тек тәніңді,
Ал ащы сөз шаншиды жүрегіңді.
* * *
Арамтер боп төкпе босқа күшіңді,
Жайсаңдар да сені жақсы түсінді.
Ескі досың болып шықса дұшпаның,
Сақтан одан, біледі осал тұсыңды.
* * *
Жайың да жоқ кез-келгенге өкпелер,
Шебер ғана түсірер сан кестелер.
Шаршадың ба, сүрінерсің, құларсың,
Адал еңбек хош иісті боп келер.
* * *
Бөтен орта, міне алғашқы таныстық,
Сырға терең десек-дағы қанықтық.
Туған ауыл, сай-саласы, белесі,
Алыстасаң көрінеді бәрі ыстық.
* * *
Келсін жасың мейлі қырық, елуге,
Жарнамалап, шықсаң да сан шеруге.
Таза адамды қудаларсың, жетпейді,
Күшің бірақ абыройын төгуге.
* * *
Ақылмен жең үй-ішілік кей дауды,
Балаңды да кетпе ұмытып сыйлауды.
Сонда бәрі қаз-қалпында, тамаша,
Тамақ дайын, төсек-орын жинаулы.
* * *
Келтірмесін, апатта кім жай табар,
Жұдырықтай жүрегің де шайқалар.
Қысылғанда мен батырмын демес те ол,
Көзсіз ерлік бірақ сонда байқалар.
Баламыз ғой тау мен тасқа ұрындық,
Анамыздың алдына кеп жылындық.
Берсем дейді әйелдерге табиғат,
Ақылдылық, мейірімділік, сұлулық.
* * *
Жылдар өткен сайын бәрі жоғалар,
Жастық шағың, сымбатың да тоналар.
Ақтық демің біткенінше жабысып,
Ақылсыздық қана еріп бара алар.
* * *
Көрінбегін, дей алмаспын үндеме,
Ортақ ой айт, бұрма өзіңнің мүддеңе.
Ақымақ емес залда отырған тыңдарман,
Сахнаға талант, патриот шықсын мінбеге.
* * *
Әкім дейміз азаматты ел сенер,
Бұқараға жан жылуын берсе егер.
Уәдешіл болса құны бір тиын,
Жетпесе ақылы қиындықты еңсерер.
* * *
Дей алмаймын жарық күн алыс қалды,
Көргенім жоқ мәңгілік данышпанды.
Аң патшасы танытар қауқарсыздық,
Жуасытар ауру арыстанды.
* * *
Асау аттай тулай қалса тосыннан,
Байқатпа оған кейпіңді де шошынған.
Екеуінен сақтан: орға жығар да,
Мықты дұшпан және залым досыңнан.
* * *
Болмаған соң ешкімнен көрер сесі,
Ақтар өзін менмін деп ел еркесі.
Жауыздардың үрейге толы өмірі,
Әзірейілдей көрінер көлеңкесі.
* * *
Сал-серілер ел кезіп, отырмайды,
Бетте әжім бар уақыт та жасырмайды.
Жас, орта, аға буын деп бөлсек те,
Кәрілік те білінбей жақындайды.
* * *
Қимылыңды қалт жібермей күзетер,
Пасықтар бар солай оның күні өтер.
Өш алудың ең тәуірі – ұмыту,
Дұшпаныңды жерлеп, бір-ақ күл етер.
* * *
Отағасым деп құдайдай табынған,
Сен де алдында жарыласың ағыңнан.
Көркі әдемі, даусы да әсем көрінер,
Артығы жоқ қалап алған жарыңнан.
* * *
Қарапайым, кездесер момын жандар,
Балапанын ерткен қоңыр қаздар.
Көңіл кең ғой тар үйді елемейді,
Махаббаттың нұрына шомылғандар.
Зерделі сөз жастарға айтармысың,
Басатын кез желөкпе, сайқал мысын.
Қырық бес жас жиырма бес емес саған,
Алып-ұшып тұрмайсың, байсалдысың.
* * *
Сыйла әкеңді ертеңіңе бақ қонар,
Ойдан шықсаң сенімі де ақталар.
Қаталдығы дәрідейін жұғымды,
Ащысынан тәтті жағы көп болар.
* * *
Жаутаң қағып әйеліне тарылған,
Қолбаладай тек жанынан табылған.
Бара аламаса хайуан дер ем сол еркек,
Көрші ауылға анасына ауырған.
* * *
Бар бақытын Отаны, берер елі,
Ұрпақтары кеңейтер керегені.
Ризамын ғажайып ғұмыр кешкен,
Ерлі-зайыптыларға өнегелі.
* * *
Қанша қайсар көрінсе де түр-тұлғаң,
Қарулы әскер тұрмаса артта жыртылған.
Жалғыз қалсаң көрінерсің жабайы,
Парықсыздық жауға жеке ұмтылған.
* * *
Біреулердің сөзі жетім, ой қасаң,
Деме онымен жеңемін де, шайқасам.
Сұрақ қойма, ала алмайсың жауабын,
Азаматтың күйзелгенін байқасаң.
* * *
Ілмесең де бәрін бірдей құлаққа,
Мойын бұрғын ақиқатқа бірақ та.
«Аққа құдай жақ» дейді ғой, сондықтан,
Ізгі ниет жол төсейді жұмаққа.
* * *
Соқпаса да сені күміс, алтыннан,
Қыз-келіншек көзін тіксін артыңнан.
Сыншылмыз ғой, абайла дос, ашылар,
Іс-қимылың, сөздеріңнен бар тұлғаң.
* * *
Өзімшіл боп өмірдің ырғағына,
Берілмеген көпшіл боп ұлдарыңа,
Қол соғыңдар еркекпін, әйел емес,
Хайуан да емес, адам боп туғаныма!
* * *
Білмеймін деп өзге тілді мүдірме,
Жігер менен сенім болсын үніңде.
Ол намысың, ол өрісің, айбының,
Қай жерде де сөйле ана тіліңде.
* * *
Ұялды ма, жанарынан шықты ма от,
Жүрегі де кетпес оның түкті боп.
Кешірімшіл бола білгін әрдайым,
Одан сайын қатаясың мықты боп.
* * *
Жылжыр уақыт таңың атып, күн батты,
Мұның өзі үлкен сынақ тым қатты.
Ақымақтар қиналады, мүжіліп,
Ақылдылар жеңіп шығар сырқатты.
* * *
Еліңе арнап төгіп маңдай теріңді,
Жолдарға алыс шықсаң буып беліңді.
Дос дегенді жиі естисің, ал бірақ
Сақта есіңе – сирек достар сенімді.
* * *
Адал болсаң жолыңды алла оңғарар,
Ал жаманның ішінде сыз, тоң қалар.
Жағымпазға тап қылмасын деп тіле,
Жауыздыққа баратын да сол болар.
* * *
Ренжітпей аяла серігіңді,
Суытпа әркез еңбек-көрігіңді.
Тек үрейге берілмей мына өмірде,
Тірі жүрсең жоғалтпа сеніміңді.
* * *
Қойныңда жоқ тығып келген тасың да,
Қаймықпа одан, міні болса айт, жасырма.
Тек қажетін сүзіп алғын ойыңның,
Шешендіктің мәні нағыз осында.
* * *
Өтер баяу, байқалмастан жылжып күн,
Сұрыптайды өмір әлсіз, үздік кім.
Пендеміз ғой қауесеттер тарар мың,
Тек ақ туы жығылмасын шындықтың!
* * *
Сабақ алдым талай мықты, тектіден,
Аңқау байғұс қажыды әбден ептіден.
Жаны, тәні, даусы сұлу болса егер,
Соны толық азаматым деп білем!
* * *
Келеді өсіп ұрпақтарың бағында,
Мейірімді бол, қарсы жүзбе ағынға.
Шаш барыңды кедей болып қалмайсың,
Садақа бер, бабаңды еске ал, тарылма!
* * *
Жарқылдаған алтынды тот шалмайды,
Жарың сондай болса ойың аспандайды.
Парасаты бар әйел – асыл қазына,
Ері оны таптым деп мақтанбайды.
* * *
Қонақтаса туыс-жегжат саяңда,
Қолғабыс ет, барыңды сал, аянба.
Ескертемін: аулақ жүр сол пәледен,
Дәрі де жоқ қарсы өсек-аяңға.
* * *
Қызметіңде нақты ашылсын шын кейпің,
Топ ішінде үлгі болып жүргейсің.
Қимылдасаң өкпе айтпайды қарның да,
Бар абырой еңбекте деп білгейсің.
* * *
Тілеулестер ертеңіңе сүйінсін,
Дұшпандарың отқа түссін, күйінсін.
Қуат барда жоғары ұста еңсеңді,
Алтын басың ақиқатқа иілсін!
* * *
Кейбіреулер құр сөзбен орақ орса,
Келеді өсіп ғалымдар, дана қанша.
Марапаттап соларды, ардақтайық,
Шетелдерге жаутаңдап қарағанша.
* * *
Еріншектік айналсын қас жауыңа,
Күрделі істен кепілмін қашпауыңа.
Тындырарсың бәрін де ойдағыдай,
Қиналарсың әлбетте бастауына.
* * *
Жабы дейді бәйгеде озбағанды,
Халқың сүйер от болып, маздағанды.
«Уақыт – емші» дейді ғой, келісемін,
Жазатұғын білдірмей бар жараңды.
* * *
Арманшыл жас аңсайды түу алысты,
Досың міне қарсы алып, құрақ ұшты.
Не жетеді шынайы күлкілерге,
Бақытың сол – тапқаның қуанышты.
* * *
Пенде емессің әлжуаз жұрттан қалар,
Шындықты айтар дірілдеп қысқанда олар.
Адал достар қасыңа үйірілсе,
Опасызы – қауіпті дұшпан болар.
Қараңыздар қызықты жайды мына,
Өткізсе де күн, апта, айды мына.
Онда ісі жоқ, тек іштей қынжылады,
Бастан ұшқан кешегі байлығына.
* * *
Сүйреседі десең де көшіңді алға,
Бәлкім бір күн итерер тосын жарға.
Жасырғанды дұшпаннан досыңа айтпа,
Ол мәңгілік емес қой кепіл бар ма?!
* * *
Бір қайрылмай кетер жасың, қартың да,
Мерт болдың ба жамандау жоқ халқымда.
Ешкім мәңгі жүрмейді де жер басып,
Жақсы ед деген пікір қалсын артыңда.
* * *
Дос болдың ба алаяқ, жырындымен,
Ұнатпадым көрдім де түріңді мен.
Саған айтар ақылым – ертеңді ойла,
Сәл нәрсеге алданба бүгінгімен.
* * *
Туған жердің ыстық қой топырағы,
Кілемдей боп жайылар жапырағы.
Бұқараға көнеміз табиғи жай,
«Көп қорқытар, ал терең батырады!»
* * *
Зулар жылдар саған тізгін бермейді,
Шау тарттым деп сенгіңіз де келмейді.
Опық жеме, өткеніңе өкінбе,
Уақыт өзі бар жараңды емдейді.
* * *
Пендесің ғой қиындық сан тосар да,
Тек сеніммен берік қадам бас алға.
Күйіп-піспе сәл нәрсеге қайтесің,
Сабырлылық сауықтырар қашан да.
* * *
Бар сырыңды біліп алған жолдасың,
Қарақшыдай қайта шапса оңбасын.
Ондайлардан аулақ ұста іргеңді
Іштен кіріп, аяғыңнан шалмасын.
* * *
Қазақсың ғой тәрбиелі тегінде,
Үлесім бар деп төске ұрма менің де.
Түбінде олар жүрегімен сезеді,
Жақсылықтың түспейтінін жеңілге.
* * *
Ыстық жүрек көңіліңді ерітер де,
Ауыр салмақ тұрмас үшін желкеңде.
Қолыңа алған бітір бүгін шаруаңды,
Сылтауратып қалдырмағын ертеңге.
* * *
Тәуелсіздік орындалды ел аңсары,
Сонда да жұрт үнсіздіктен шаршады.
Қандай адам танытады айнытпай –
Таққа отырып, көтерілсе мансабы.
* * *
Әрекетсіздіктен жақсы жиренген,
Ерте тұрып, жай жатуға үйренген.
Еріншектік иығыңнан баспасын,
Тындырасың біраз істі күйбеңмен.
* * *
Орнықтысың, сөзге тұрып, ел сенер,
Кісілігің осындайда өлшенер.
Шынықтырғын ертелі-кеш денеңді,
Сымбатты боп көрінгіңіз келсе егер.
* * *
Жайып салса ол реніші мен өкпесін,
Тыңдап ал да, тақпа бірақ текке сын.
Ақкөңіл ғой, кешіре сал, өйткені –
Бүгін айтып, ертең ұмытып кеткесін.
* * *
Сәби болдың, тіл шығып былдырладың,
Есіңде ме қанша ойыншық сындырғаның?
Қартайғанда қуаныш, демеу болар,
Жас кезіңде іргелі іс тындырғаның.
* * *
Қыздарымыз үлкеннің көзін көрді,
Тәрбие алып, анаға сөзін берді.
Күйеуі ақымақ, енесі адуын боп,
Келсап етіп жүрмейік келіндерді.
* * *
Саулық беріп бұл құдай бастарыңа,
Құда-жегжат жиналса қастарыңа.
Ол жарыңның ақылды, адалдығы –
Бақыт таңы сен үшін атқаны да.
* * *
Бұл пікірім бола қоймас қате де,
Тірісінде оны аяла, мәпеле.
Бәлкім сенің басқа болар соқпағың,
Ұқсап туған ұл десін жұрт әкеге.
* * *
Өмір – тартыс дей алмаспыз шекердей,
Жала жапса бірақ жөнсіз бекерге-ей.
Айқау-шумен жеңе алмайсың, жауабын
Суық қара өңменінен өтердей.
* * *
Алыс жүрсе ғашықтар сағынады,
Қайтсін тірлік заңына бағынады.
Тек сенімге бір қылау түсірмесе,
Міне нағыз махаббат мағыналы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу