Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  284


Автор: Бижан Қалмағанбетов

БІРЛІК

Көрмей кетер біреулер досқа налып,
Әрине ондай қылығын қоштамадық.
Екіншісі тым-тырыс селт етпейді,
Айналасы жатса да отқа оранып.
Келеңсіздік жиі ойға ораларсың,
Өзімшілдік қай кезде жоғаларсың?
Отан – Ана десек те кейбіреулер,
Күйттеуде әлі өзінің қара басын.
Сұрау қажет дегендей соны менен,
Жүрмес бәрі ынтымақ жолыменен.
Өзекті іске тап болса тайғанақтап,
От көсейді өзгенің қолыменен.
Ұмтылмаңдар болсам деп құнығып бай,
Тірелмеңдер шарасыз тығырыққа-ай.
«Шортан суға, тартпасын аққу көкке»,
Жұмылайық бас қосып жұдырықтай!
Өткен өтті, ол енді оралмайды,
Саналылар демес ем алаңдайды.
Бірлік керек қазаққа, ағайындар,
Іргесі берік елді жау алмайды.
Сескендірмес қиындық ырқы бізді,
Жомарт, дарқан, ақ жүрек ұлтымызды.
Сондықтан да ойлайық ертеңдерді,
Болашаққа қол созған жұртымызды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу