Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  50


Автор: Бижан Қалмағанбетов

АРАБИЯ

Араласаң жер шары үлкен, ғалам кең,
Сүйем бәрін ақыл-оймен, санаммен.
Араб елі, ассалаумағалайкүм,
Келдім ұшып Ақтөбемнен саған мен!
Мұсылмандар елін алып аңсарды,
Сөзбен айтып кім бүгінде тауыса алды.
Самалымен көкірегіңді ашып бір,
Абу-Даби құшақ жая қарсы алды.
Құрақ ұшып қажетіңе жаралған,
Қосшылар жүр нұрын төгіп жанардан.
Бұл қаланың алғаш рет іргесі
Екі жарым ғасыр бұрын қаланған.
Мінбелерге алға ұмтылып шығып ап,
Әңгіме емес жалықтырар тым ұзақ.
Астананың баяндасам тарихын,
Құлақ түріп тыңдаңыздар қызық-ақ.
Болмаған соң сескенер жан күдікті,
Қарақұйрық көк шалғында жүріпті.
Сол байғұс аңға шыққан қарулы,
Арабтардың назарына ілікті.
Түз тағысы қалмай ешбір жолынан,
Бұларға да мән бермепті торыған.
Шығанағына тіреліпті Парсының,
Аңшылар да қалмаған соң соңынан.
Бұлар қайдан тап болды деп табанда,
Кезіпті ұзақ үрке қарап адамға.
Суға түсіп арғы бетке өтіпті,
Беттепті үлкен аясы кең аралға.
Табиғат та ашық екен жанға жай,
Жүріпті олар аңды да оққа байламай.
Суытпастан жорықтарын жалғапты,
Қарақұйрық қайда апарар әрі қарай.
Қуғыншыдан қорқып бір сәт дір етті,
Десек-дағы мейірімді жүректі.
Сол аң, міне, аңшыларды ғажайып,
Қайнар бұлақ басына әкеп тірепті.
Қалайша оны сұлаттым деп мақтанбақ,
Шүріппеге бармапты да қос бармақ.
Алғыс айтып, сыйлапты өмір, ол болса,
Қуаныпты көздерінен жас парлап.
Айтар ойға, себепші еді жырға да,
Сақталыпты тарихқа бай жылнама.
Осы жерден қаланыпты іргесі
Ал бүгінде аңыз болған бұл қала.
Білмес едік бармасақ, не оқымай,
Тарыдайын кетпеген жұрт шашырай.
Біріккен Араб Әмірлігінің,
Астанасы пайда бопты осылай.
Бәрі есепте: ертең, түс, кеш, саумал шақ,
Тамаша ғой жоқты осылай тауып алсақ.
«Қарақұйрық атасы» екен біздерше,
Абу-Даби арабшадан аударсақ.
Жүзден аса ұлт немесе ұлықпен,
Ортақ мақсат орындауға кіріскен.
«Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығып»,
Жеті Әмірлік жұдырықтай біріккен.
Дарығандай кеңшілік пен ырыс-құт,
Тілмен емес қабақпенен ұғыстық.
Бірі болса әлемдегі ыстық қаланың,
Ықыласы да тұрғындардың тым ыстық.
Жан көрмейсің бағытынан адасқан,
Тіршілігі мына өмірге жарасқан.
Қаласында болдың ба сен Корништің,
Ғимараты көк аспанмен таласқан.
Сонау заман тоқтағандай көші кеп,
Ауызда иман,құран сөзі, өсиет.
Тектен-текке аталмаған бұл аймақ,
«Таяу Шығыс Манхэттені» осы деп.
Құлағың кеп тұрар жасыл шалғынға,
Тұрмаса егер сан жоспарлар алдыңда.
Зайд Шейхтің, Аль-Хуанның сарайы,
Аль-Вахардың мұнарасына бардың ба?
Бүлк етпейтін бұрқасын мен дауылға,
Ғимарат көп бақ сыйлаған қауымға.
Қайсыбірін тауысайық айтып біз,
Көру керек, түскені осы ауызға.
Бәрі ақиқат, демен ойды сырлайын,
Таныс сенің оларға іс-ыңғайың.
Алыстағы аңыз болған біз үшін,
Көрдік міне арабтардың Дубайын.
Бурдж Халифа ғимаратына қарасаң,
Құрылыс екен әлемде үлкен орасан.
Биіктігі шақырымға сәл жетпес,
Жүз алпыс үш қатарлы екен санасаң.
Қала елдің қимылымен гүлдемек,
Айтар едік уақыт тығыз мың дерек.
Таныстырсақ осы жерде орынды,
Шарджа сауда орталығы бір бөлек.
Көтеріңкі мұнда көңілің, еңсең де,
Үміттерін жалау еткен ертеңге.
Бурдж Ал-Араб қонақүйі шақырар,
Жеті жұлдызды ұқсайтұғын желкенге.
Мекен дейді бұл аймақты киелі,
Бәрі жақсы жүргізілген жүйелі.
Маң-маң басқан керуендерге таңдандық,
Байғаниннен көрсек те сан түйені.
Танау тесіп, салмаса да мұрындық,
Жуастығына да іштей жылындық.
Тау-тау құмды кешіп өтіп ып-ыстық,
Түйе мініп рахаттана қыдырдық.
Келіп тұр ғой көргенімді ақтарғым,
Ортасында жүргендейсің бақтардың.
Жұта бергің келеді саф ауасын,
Құм арасы кілемдейін көк шалғын.
Бәрі мұнда алдамшы емес, тұрақты,
Таңданғаннан көп қоясың сұрақты.
Өңім бе, әлде түсім бе екен ғажайып,
Мың бір түннің ертегісі сияқты.
Сыйластық бар, қажеті не алтынның,
Өзіме-өзім сабыр деумен сәл тұрдым.
Кереметі ұмытпапты өткенді,
Дәстүрі ескі сақталыпты халқымның.
Дейсің де үнсіз қызығасың Дубайға,
Өз еліңде жоғы батар шымбайға.
Шіркін бізге қашан жетер бұл бақыт,
Сыр бермейсің бірақ-бірақ мұндайда.
Ораласың елге мерзім толғанда,
Темір қанат өз жеріңе қонғанда.
Тәтті сезім қоштаспайды сенімен,
Жетем деумен асқақ осы арманға?
Басылады бар қызығың, желігің,
Қоштар деп те ойланасың мені кім.
Қазақстан алға-алға бас деумен,
Ертеңдерге сөнбес шоқтай сенімің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу