Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  140


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

ЗАМАН – АЙ.....

... Әй, біздің мына заман-ай,
Өркендермісің аман-ай...
Тайғақ табан секілді,
Жылуыңның шабаны-ай...
Атқа мінген адамың,
Залымдыққа маман-ай.
Қопара жесе тоймайтын,
Жабайы жүрген қабан-ай...
Тарармысың мұнымен,
Бата ма елде қараң-ай?...
Бай аз ғана, кедей көп,
Көз жасы алты тарам-ай.
Екі алып биге шығады,
Басқарушың арам-ай...
Сүліктерді көбейткен,
Бет алысың жаман-ай!
Таңды атып құлатқан,
Ерікті сөзді жылатқан...
Әділдіктің мойнына,
Қыл бұрау салып бұратқан.
Пәле-қаза, жаланы,
Күйедей жағып сұратқан.
Мойындама, мойында,
Темір торға сұлатқан...
Көзіккендерін көзсіз күш,
Қанды жасын бұлатқан.
Жазықсызды жаламен,
Тұқырта басты құлақтан.
Қорлық-зорлық, қысастық,
Мұныңды кім ұнатқан.
Тұнықтық жоқ ісіңде,
Болашағың мұнартқан...
Әй, заман-ай, халықтың,
Үміті қайда қол артқан?
Кенелмек болған жеңіске,
Суынды жүрек құмартқан...
Шалысын айтса шамданып,
Қылша мойнын бұратқан.
Әй, заман-ай, заман-ай,
Кір іздеген тырнақтан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу