Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  78


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Туған жер

Қыс қарсыз, жаз шыбынсыз, самал Барлық.
Мөлдір су, құзға құйған тастан қарғып.
Баласын төрт түліктің жұтқа бермес,
Тұратын бүгін иіп, ертең бар ғып.
Жер едің құт мекендеп нұрға батқан.
Ел едік сай-салаңда жырғап жатқан.
Сайраңдап, сахараңда сері жігіт,
Құс салып, ит жүгіртіп, мылтық атқан.
Тауыңның ай мүйізді Таутекесі,
Жер сызып құлжасының жүр әукесі.
Топ бұта төбесіне қондырғандай,
Керім-сал, кербез бұғы – аң еркесі.
Аюың түбіт тоңды, шоқпар бақай.
Сом тұлға, аусар мінез, түсі ызғардай.
Азуы айқасулы, тоқпақ тұмсық.
Долданса тасқа тырнақ батырардай.
Сумаңдап, сабау құйрық, көкжал бөрі.
Оның да мәлім маған жүрер жері.
Жорытқанда жолы болмай торыққан соң,
Бүкеңдеп апанына қайтқан кері.
Көгінде қайқы қанат, қайсар қыран.
Тосалмас, отты көзін қою тұман.
Құйылса қас-қағымда жарқ еткізер,
Шатқалдан қызыл түлкі қақса бұлаң.
Көктемім сүйін, Шұршұт, Бүрген, Текшем,
Боянған жемісіне жүргенде өкшем.
Күйбеңдеп күз кеше алмай қалушы едім,
Шымыңа бір тақия тарымды ексем.
Жоңқалы Өр Байбағыс, Сарыбөктерім,
Мал айдап, сай-салаңда сал боп көрдім.
Атанып «Шығыс-Түркіс құйыршығы».
Құпия қиыңында сыр бөктердім.
Тасбастау, Қаракемер, Шағантоғай,
Тер төктім қалды-ау сенде шамым талай.
Бейнет көп, зейнеті жоқ сол күндерге,
Шыдаған төзімді едің санам, қалай?
Туған жер басыласың көзіме оттай,
Әр тасың таныс маған жазған хаттай.
Амал не жат қолында мұдуар боп,
Мұңайып тұрғандайсың, кірпік қақпай.
Көрер ме ек бұлт көшкенін аспаныңнан.
Оқыр ма ек ләззат жырын дастаныңнан.
Әлде сен бұл дүниенің шіріндісі,
Садаға болармысың тасталынған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу