Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  118


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Қартайдым, қайғы ойладым, көңілім орта

Қартайдым, қайғы ойладым, көңілім орта,
Сан-саққа жүгіреді қиял жорта.
Еске алдым өкінішті өткен күнді,
Сор бейнет соры шығып болған сорпа.
Табандап қуа алмадым ақындықты,
Қуардай бола алған жоқ ақыл мықты
Сұм тағдыр бес жасымда анамды алды,
Бала үшін басқа іздеме пақырлықты.
Қалмады қыр соңымнан жоқтық-жойыт,
Таспа алды жон терімнен тірі сойып.
Қайыспай қайсарлықпен қарсы тұрдым,
Әйтеуір ала алған жоқ көзімді ойып.
Жақсы киіп, иығым қуанбады,
Қан жылады жүрегім, уанбады
Ақыл-ойым, толысып жетіспеді,
Өспей қалған егіндей қуаңдағы.
Көз айырмай соңынан ердім көштің,
Билігіне жүгіндім ақыл-естің.
Қысқа жіп күрмеуіме бір келтірмей,
Түңілген жетім қозы күнін кештім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу