Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  106


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Кешіре гөр, киелі Баба бізді...

Айтулы ер Шыңқожа, Наймандағы.
Қаракерей ішінде тума табы.
Қолбасшы Қабанбайға серік болып,
Өтіпті дұшпанынан сынбай сағы.
Шарқ ұрған тегеурінді асыл түлек.
Айбыны арыстандай отты жүрек.
Жорықпен бар өмірін өткізген Ер,
Халқына тыныштық пен бақыт тілеп.
Жел кеуде жауларының желін тиған.
Қаңтардай қатуланып қаһар жиған.
Шапқыншы жоңғарлардың заманында,
Елі мен жері үшін жанын қиған.
Шөл кезген ақ маңдайын күнге төсеп.
Қолдарын ысқылаған қарға көсеп.
Дұға қылдық артыңнан батыр баба,
Даңқың бар алабөтен туған кесек.
Көп жылдар отарлықтан ес жия алмай.
Халықтық салт-сананы ести алмай.
Көктен түсе қалғандай күн кешірдік,
Адастық сіздің жолдан бет ұялмай.
Кешіре гөр, киелі баба бізді.
Қабыл ал, ақ тілекті, ниетті ізгі.
Бастады болашаққа ұрпақтарың,
Кешегі сіз түзеген көшіңізді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу