Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  89


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Тастың әңгімесі

Затым тас: мен – мрамор, қара таспын.
Өңдеді адам, айнадан айнымаспын.
Бәрін көрем, күнге тік қарай алам,
Адам, сен күнге мендей қарамассың..?
Адам қорқып, қуанып, қызығып та,
Қарайды кейде көңілі бұзылып та...
Менде ондайдың бірі жоқ: тек көремін,
Көрегенімді қалмаймын ұмытып та!
Қалай көрсем, дәл солай айта аламын.
Дүниеге шындық боп байқаламын.
Адам өзі қорытынды ойын айтар,
Зұлымдыққа ашынған шайқарамын!
Кез еді ол, бір соғыстың табы батқан,
Қан-сөл жоқ, адамдардың өңі қатқан.
Көбі жастар, әйелдер өтті алдымнан,
Кәрі де бар, бірі жоқ езу тартқан.
Киімі май, әр түсті сауыстанған,
Сақ қарайды жан-жаққа сауысқаннан.
Қабақтары түюлі жұмысшылар,
Өтіп кеткен бағана, алыс таңнан.
Соғыстан бұрын қыздар талай өткен.
Сонда маған көзінен мейірім төккен.
Қазір міне бұрмады мойынын да,
Соғыс сорып кетіпті нұрын беттен.
Азып-тозып, қажыған кәрі-жасы.
Өтті адамдар, мұңайып түскен басы.
Дауысын да шығармай өтті ұрланып,
Бірен-сараң соғыстың машинасы.
Қала тыныш танадай құлаққа ұрған.
Тау мен орман ыстыққа мүлгіп тұрған.
Аспан ашық, дүниені сағым орап,
Торғындай леп білінбей тұрды қырдан.
Қаланың бес жүз метр төбесінен,
От-жалын атқылақтап денесінен.
Аппақ бір бағана келіп орнай қалды,
Тандырып кете жаздап мені есімнен.
Бас жағы аппақ бөрік секілденіп,
Астан-кестен, жан-жаққа от боп төніп.
Гулеген бөтен бір күш пайда болды,
Иланба, мейлің илан бұған сеніп.
Жап-жарық от тасқыны түскен көктен.
Бір өзінен басқаға күші өктем.
Отқа жанған қағаздай жиырылды да,
Орнында қала жоқ боп, кетті мүлдем...
Темір жанып күл болды, тозаң боп тас.
Жандырудан басқаны, сірәда ұқпас.
Қара-қошқыл, қызыл от болды қала,
Қарап тұрдым бәріне қойып ықлас.
Қырғи іліп әкеткен бөденедей.
Мынау – түтін, мынасы – тозаң демей.
Суырып, тарта сорып, кетті көкке
Пайда болып алапат бір үлкен көмей.
Тыйпыл қып бір қаланың үстін-астын.
Көкке кетіп барады отты тасқын.
Аспан мүмкін жарылып жатқан шығар,
Естігем жоқ, тас-керең қара таспын.
Қала орнында қарайған қалды күйік.
Еш нәрсе жоқ ұстарға қолың тиіп.
Кедір-бұдыр, қап-қара қорқынышты,
Тіршілік жоқ, тым-тырыс қалыпты ұйып.
Алғашқы от тасқыны сондай қатты,
Адамды атып, алдыма топырлатты.
Қан шашырап, бетіме тиген ішек,
Дереу күйіп, күл болды ұшып жатты.
Аялдама, адамға лықылдаған.
Трамвайдың іші де шыпылдаған.
Жүре бастап трамвай, лап етті де.
Жалын боп жанып жатты жердегі адам.
Адамдар жанғанын да, өлгенін де.
Сезген жоқ, өзіне апат келгенін де.
Жетпіс бес мың адамның сол тағдырын,
Қайтер едің, көзіңмен көргеніңде?!
Жаңа ғана өмірге қадам басқан,
Есігін мектептің де бірінші ашқан.
Мыңдаған бүлдіршіндер жанып жатты,
Адам ба, әлде басқа ма мұны қосқан.
Қарақаттай көздері мөлдіреген,
Сүйкімді толқын шашы желбіреген.
Сан мың қыздар жалында қала берді,
Ақ мамықтай денесі үлбіреген.
Мен осыны түгелдей көре алғам жоқ.
Тездігіне көзім де ере алған жоқ.
Мұндай сұмдық-сойқанды, сұрапылдың.
Мыңнан бірін дәл айтып бере алғам жоқ.
Қаланы іздеп жүргендей жел азынап.
Жұлқылап, жолдағысын жүр мазалап.
Қала орнынан қап-қара күйік иіскеп
Долданып, ол да ышқынды зар күйге сап.
Қала орнынан күйе ұшты желден ығып.
Қолқаны қапқан бөтен иіс шығып.
Қап-қара боп жан-жаққа тарап жатты.
Бүтін бір елдің басын қаралы ғып.
Күйіктің от-жалыны қайтқан кезде.
Тіршілік жыбырлаған түсті көзге.
Бала-шаға, кемпір-шал жиылысты,
Таң болып тұр, шара жоқ одан өзге.
Ойында болса керек түрлі сауал,
Құпия бәріне де мынау тажал.
Адамды қыру үшін, адамдардың,
Қолынан бірінші рет шыққан зауал!
Іздеме жан баласын, қаланы да,
Табылмас таныс үйдің алаңы да.
Зұлымдық қайдан шықты, ізде соны.
Соған қолдан, бар болған шараны да.
Күйікте адамдар жүр қыбырлаған.
Сөздерін естімедім сыбырлаған.
Адамның мылжаланған басын тауып,
Төбе-құйқа, жан-жүйке шымырлаған!
Үзілген сыңар аяқ қара саннан.
Күйікке көміліп қап шала жанған.
Тағы біреу сүйретті сыңар қолды,
Келеді басын шайқап жақын маңнан.
Аяғы жоқ, басы жоқ, құр кеудесін.
Біреудің тауып әкеп әлденесін.
Бір жерге үйіп бәрін өртеп жатыр,
Парша боп жерде қалған әр мүшесін.
Естісем адамдардың тебіренгенін.
Сағынып, аңсары ауып еміренгенін.
Азаптың ауыры осы болды дер ем,
Естісем, зар күйге сап күңіренгенін.
Алдыма пайда болды неше тақтай,
Бетінде жазу толы баданадай.
Асыға көз жүгіртіп қарағанда,
Жазылған тақтайдағы сөз мынадай:
–Тұтқиыл, бір қалаға жасыл түсті,
Үш жүз мың градустық оттың күші.
Жетпіс бес мың адамзат күлге айналып,
Қала түгел тозаң боп аспанға ұшты.
Аждаһа дәл ортадан аузын ашқан,
Айнала мың метрге жалын шашқан.
Осы көлем ішінде: жанды-жансыз,
Айналды қара күлге аяқ басқан.
Затым тас: мен – мрамор, қара таспын.
Ай-жыл өтті, мен оны санамаспын.
Мен білмеймін мәңгілік, бұл уақытты,
Жаралған мәңгілікке қара таспын.
Қала қазір қайтадан қалыптасты.
Бұрынғыдай көркейіп орын басты.
Бұрын бір қара күйік болмағандай,
Гүл атып, бау-бақша да жарқырасты.
Бұл құдірет – адамның еңбегі еді.
Қалпына қала оңай келмеп еді.
Ол емес, айтатыным, сұрапылды,
Мәңгілікке әйгілеп бермек еді.
Темір жанған, тас жанған сұрапылды.
Сезіне алмай адамдар көкке атылды.
Апатты ұмытпасын, сақтансын деп,
Айтқандарым адам саған қаратылды.
Апат түскен қаланың ортасында,
Мрамор, жарқыраған әр тасында.
Зор тұғырда адамның мүсіні тұр,
Сыр бардай, тұрған тұрыс формасында.
Оң қолын тік көтерген, көкті нұсқап.
Сол қолын жан-жағына жайқай ұстап.
Қос көзін тас қып жұмып алған екен,
«Көрмейік, енді апатты!» дегенге ұқсап.
Сол қолын жан-жағына жайқағаны –
Тыныштық тілегені, байқалады.
Менің дағы айтарым осы ғана,
Сұрама, адам! Тас нені айта алады?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу