12.09.2022
  314


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Салт атты қыз

Қартайтты шыр айналып дүние ғалам,
Күн өтті күйкілікпен алаң-салаң
Жетпіс бес желіктіріп тыныш ойды,
Бұйрық қып тағы да алғызды қолға қалам.
Тарқамас думан базар дүние бір,
Көз көріп, көңіл тоймас қызық дүбір.
Бір жылда екі көктем болмақ емес,
Маған да берілмеген екі ғұмыр.
“Жетпіс бес” мен де ерейін желігіңе,
Сенімді болсаң талмас көлігіңе.
Құбылтып түр шығарған қырық-отызбен,
Мәреге сыр алдырмай жетсең бірге.
Желісін тартайын бір поэманың,
Мен қалай құмарлықты қоя аламын.
Жанымды бала құстай түлететін,
Түс көріп өлең жайлы оянамын.
Сол тұсы Тарбағатай, оңы Тоқта,
Шығысы Барлық тауы, шүйгін отқа.
Батысы Сайқан тауы сары желді,
Азынап анда-санда мінеді атқа.
Төрт таудың ортаға алған Алакөлі,
Іргесін кеңге жайған Найман елі.
Жоңғардың тас қақпасын айқара ашып,
Толқытар кейде көлді Ебі желі.
Ебінің құты да бар, жұты да бар,
Құнтсыздар жұттан қайтып құтыла алар,
Кей қыста Ебі соқпай тұрып алса,
Қалың қар, сары аязда малы жұтар.
Бұл маңға қар жауады қалың сіреп,
Түйенің төс табанын қалар тіреп.
Сыпырып жерден қарды Ебі айдаса,
Келді деп ел қуанар алтын күрек.
Әкетсе қармен қосып аязды айдап,
Күн жылынып көрінер дүние жайнап.
Бұрқырап шөп ашылып, жер бусанып,
Адамның пейілі кеңір мал масайрап.
Ебінің қара дүлей мінезі бар,
Жалмауға жан иесін сондай құмар.
Түнек қып топырақты аспанға айдап,
Жаңбырдай тас жаудырса көңілі тынар.
Құлағын көрсетпейді мінген аттың,
Айтпаған обалы бар ақиқаттың.
Сабалап басқа, көзге құм топырақ.
Тартқызар алуан түрлі зар апатын.
Арасын жер мен көктің билеп алып,
Долданар қара қошқыл түнек салып.
Көзіңді қарыс жерге ашқызбайды,
Қатерге соғыласың өзің барып.
Тынысты тарылтады тұншықтырып,
Бездірер шыбын жаннан түршіктіріп.
Жолбарыс, аю, қабылан, арыстан бол,
Ырқына әкетеді тез ықтырып.
Көлге де күш көрсетіп жасқайтындай,
Сұрапыл сойқан зауал бастайтындай.
Үйіріп тау толқынды көтереді,
Аударып Алакөлді тастайтындай.
Кез болып талайлардың сапарына,
Алыпты жалмағандар қатарына
Әр түрлі аңыздар бар айтылатын,
Ебінің ұшыраған қаhарына.
Айтайын баян қылып, соның бірін,
Осыдан жүз қырық жыл өткен бұрын.
Ақтарып жұрт алдына шығарайын,
Тарихтың қалыс қалып жатқан сырын.
Сыздықбай Мәмбеттегі ел ағасы,
Сұңғыла таза дінді ғұламасы.
Омырауын ақ күмістей сақал жапқан,
Кезінде өрге ұшып тұрған тасы.
Үзеңгілес жақсылармен бірге жүрген,
Әрнеге жақсы-жаман құлақ түрген.
Көзі ашық, көкірегі ояу адам,
Мал мен бас дөңгеленіп біткен түрмен.
Қатарға ілініпті бала жастан,
Келелі кеңестерге ақыл қосқан.
Қыз беріп, қыз алысқан қалың матап,
Күн шалған шаңырақтармен араласқан.
Әріпжан Сыздықбайдың немересі,
Ешкімнен кем болмаған терезесі
Бауырында Сыздекеңнің өскен екен,
Баланың жақсы үлгімен кіреді есі.
Тұсының атқа мінген азаматы,
Оқыған толықтанып қалам хаты.
Естіген Сыздекеңнен бір хикая,
Артына жалғастырған аманаты.
Әріпжан сексен асып дүние салған,
Жүргізер кімді мәңгі фәни жалған.
Ел іші алтын бесік дегендейін,
Жоғалмай осы оқиға елде қалған.
Жырладым Әріпжаннан естігенді,
Оқушы айта жатар артық кемді.
Айтпай білу, ашпаса көру қайда,
Бағалы бұйым орап буған теңді.
Шілденің май тоңбайтын қысқа таңы,
Шығыстан құлан иек бозғылданды.
Жарқырап бейне алтындай Таңшолпаны,
Бозторғай мың бұрмалы шырқады әнді.
Жер жүзі жамылғандай жасыл желек,
Кіргендей қырық құбылған түрге бөлек.
Тербетіп бай табиғат дүниені,
Әлпештеп отырғандай нұрға бөлеп.
Шығысы Алакөлдің Қараағашта,
Қожа қарт жылқы айналып келді қосқа.
Түспеген таң жарығы жерге толық,
Кез еді, қоста ешкім жоқ одан басқа.
Жантайып алмақ еді кірпік іліп,
Келеді таң жарығы түнді түріп.
Естілді іңгәләған нәресте үні
Қожадан ұйқы қашты кірді күдік.
Ойлады жолаушы ма нәрестелі,
Келді ме жол жағдайын кеңескелі.
Деп ойлап сыртқа шығып қосты айналды,
Ешкім жоқ, балалы әйел елестеді.
Мөлшері қосқа жақын елу қадам,
Тынымсыз нәресте үні іңгалаған.
Жөткіріп, тамақ қырнап, белгі берді,
Тым тырыс көрінбейді жүрген адам.
Қожекең түсіне алмай мына сырды,
Дір етіп ет жүрегі қосқа кірді
Адам ба, сайтан ба әлде төңіректеген,
Тіксініп алуан түрлі ойда тұрды.
Ұзамай жүрме әйел айналсоқтап,
Емізді ме, сап болды іңга тоқтап.
Таң алды сүттей ұйып тына қалды,
Тұрғандай бар дүние тәртіп сақтап.
Туғандай қағанағын түннің жарып,
Таң атты, Шолпан сөнді, түсті жарық.
Қып-қызыл құндақ көріп ши түбінен,
Үңіліп қарап тұрды Қожа барып.
Көрпені құндақтаған баппен орап,
Ісі емес жай адамның салдыр салақ.
Құндақты екі жерден көкпен буған,
Бас жағын көлегейлеп қойған бірақ.
Сайтан жоқ, бұл адамның ісі болды,
Құндаққа Қожа енді, қойды қолды.
Еппенен күлегейін аштыдағы,
Ұйықтаған нәрестеге көңілі толды.
– Япырмау, сұмдық еді мынау неткен!
Кім екен азып мұнша шыққан шектен?
Балшықтан адам жасап алатындай,
Аямай өз бақытын басқа тепкен.
Жоқ еді көріп мұндай естігенім,
Осы ма, жан шошырлық іс дегенің?
Үміт, сезім, тілектен ада қылып,
Мәңгіртіп есін алды күші ненің?
Қызыл шақа, ақ үрпек балапаным,
Осылай ма көрерлік жарық таңың?
Болғанда көк қауырсын қара қанат,
Іздерсің көксеп ана алақанын.
Тоғыз ай өзегіне жатқан сыйып,
Қандай жан жеріді екен көзі қиып.
Алданған бойжеткен бе оң жақтағы,
Ұяттан аса алмаған беті күйіп.
Кінәлі болмайыншы жеріді деп,
Қолдайын ет жүрегі еріді деп.
Дала емес қосқа жақын әкелгені,
Бар шығар көкірегінде жақсы тілек.
Көтеріп қосқа қарай қадам басты,
Құдай-ау, түсірдің бе ықыласты?
Жарым жоқ, жанашыр жоқ жаралғаннан,
Жарлы едім, жалғандағы жалғыз басты.
Құдай-ау, көктен тастап бергенің бе?
Көз жасты қартайғанда көргенің бе?
Өзіңнен басқа ешкімнің таласы жоқ,
Жарлыңа тәуба көңіл бөлгеніңе.
От жағып, мосы құрып, шәугім асты,
Тірлікке күндегіден ықыласты
Қайнатып қара шайын ішті алаңсыз,
Болған ол жалғыздыққа бауыр басты.
Аспанның көтерілді күн еркесі,
Қысқарды сай-саланың көлеңкесі.
Мал қаптап, ел қыбырлап құстар ұшып
Басталды күнделікті өмір көші.
Оянып бала тағы іңгәлады,
Қожекең мейірленді тыңдап тағы.
Басымда үй, бауырымда қазаным жоқ,
Қай түрмен бағамын деп мұңданады.
Сүйкімді дауысыңнан айналайын,
Жолыңа қара лақ боп байланайын.
Егерде саған келер кесел болса,
Кесетін қанжар болып қайралайын.
Тоңғақтап жылады ма жиіркеніп,
Қозғалтып қол-аяғын жатсын кеңіп.
Деп Қожа жаялығын ауыстырып,
Басады көкірегіне еміреніп.
Бергенің патша құдай, қызым екен,
Жайнаған гүл, жайқалған түзім екен.
Жүрегім жарылуға шақ қалып тұр,
Тұтқиыл қуану да қызық екен.
Айналдым тұмсық жарған иісіңнен,
Бір нәзік сыңғырлады күй ішімнен.
Берген бұл бақытымды баянды қыл,
Жаңылтпа патша құдай күйісімнен.
Қарны ашып іздеді ме омырауды,
Деп Қожа нәр беруге көңілі ауды.
Мойнына бір биенің құрық салып,
Аузына шалқалатып сүтін сауды.
Қабағын қызыл шақа шытынады,
Қозғалып өз әлінше бұлқынады.
Таңдайға жылы тәтті саумал барып,
Тамсантып титтей ернін жұтынады.
Осылай нәрестені нәрлендіріп,
Толғанып отырды қарт қосқа кіріп.
– Жылқысын малды байдың өсірумен,
Келемін мал ішінде өмір сүріп.
Айкүміс малды байдың бәйбішесі,
Кең қолтық түзу еді ақыл-есі.
Рулас төркінім деп қарындас боп,
Ағалап жүруші еді ерте-кеші.
Өлмесем жанымды үзіп асырайын,
Көлденең көз, тіл сұқтан жасырайын.
Баламды бағып бер деп Айкүміске,
Міндет қып қандастықты асылайын.
Басыңа сапар қадап бақсамдағы,
Мойныңа алтын алқа тақсамдағы.
Ананың құшағындай бола ала ма?
Бабыңды мың бір түрлі тапсамдағы.
Кешікпей Айкүміске апарайын,
Тілейін саулығыңды ботатайым.
Көзбе көз қол тапсырып берген жан жоқ,
Сыйлады шапағат қып бар Құдайым.
Құндақтап нәрестені атқа қонды,
Дәл мұндай қуанбағам бұрын соңды
Кеудеге сыймай сыртқа лықсыған күш,
Толқытып келе жатыр оңды-солды.
Айкүміс кең маңдайлы қырлы мұрын,
Ат жақты, оймақ ауыз, қызыл ерін.
Имек қас, кең ұялы дөңгелек көз,
Ақ жүзге сұлулықтың құйған нұрын.
Керме иық, аққу мойын, қаз омырау,
Секілді аш арыстан, мықын анау.
Бапталған бәйге атындай сұлу мүше,
Жүрісі мамырлаған басып баяу.
Саусақтар сақиналы, қос білезік,
Кетеді қарағанда көз ілесіп.
Іс тігіп машинамен отыр төрде,
Толықсып толған айдай көңілі өсіп.
Үш жасар кішкене ұлы Асыланы,
Дамылсыз мойнына келіп асылады.
Баланың мазалаған ойынына,
Тынысы кеңіп, сарайы ашылады.
Қазір де анасы бұл бес баланың,
Ұлғайсам дейді, өсімнен кеш қаламын.
Жастықтың сыбағасын сыртқа теппен,
Алланың қаhарынан жасқанамын.
– Жаралдың төмен етек әйел болып,
Бақыттың биігіне жаса жорық.
Алды артың қартайғанда ұрпақ болса,
Тұрасың бүрлі ағаштай гүлдей толып.
Айтатын шешем марқұм осылай деп,
Илләйhи қабыл болсын жақсы тілек.
Саңылау бар, зердесінде жас әйелге,
Отыру жарасады-ау перзент бөлеп.
Айкүміс осылайша ойға кетіп,
Еске алды жастық шағын кеткен өтіп.
Естіліп іңгалаған нәресте үні,
Салт атты келді іргеге дүбірлетіп.
Айкүміс маң-маң басып шықты сыртқа,
Келбеті секілденіп сұлу Құртқа.
Қолтықтап құндақ көрпе аттан түскен
Таңданып қарап тұрды Қожа қартқа
– Балалы болдым бүгін қарындасым,
Алпысқа толды міне биыл жасым.
Берді ме жерден, әлде көктен тастап,
Әйтеуір түсірді Алла ықыласын.
Жан иесі, нәсілі Адам ғой деп,
Тастаған көр кеуделі надан ғой деп.
Үміт қып, көзім қимай алып келдім,
Ажалдан аман өссе балам ғой деп.
Алла өзі кез қылды ма орайлы ісін,
Бір түрлі жылы тартып барады ішім.
Менің де сендерге өткен еңбегім көп,
Бағып бер жалынамын құдай үшін.
Мұны айтып Қожа көзден жас ағызды,
Тамағы қарлыққандай даусын бұзды.
Жүрегін мейірім билеп Айкүмістің,
Қапелім сөз айта алмай алағызды.
– Ағаеке, құтты болсын қуанышың,
Менің де қарсы болар бар ма күшім?
Жетсе де төбем көкке төркінімсің,
Теріс деп айта алам ба, Тәңір ісін.
Жан салып бағып көрем балаңызды,
Жалғыздық жазсын Алла жараңызды.
Емшектес болмасақ та, елдес едік,
Жүруші ек алыстатпай арамызды.
Құндақты бисмиллә деп қолына алды,
Еміреніп нәрестеге бейілін салды
Үйге кіріп, құрғақтап жаялығын,
Айкүміс таң-тамаша қайран қалды.
Жаялық неше бөлек құрғақтауға,
Мынасы қол бауы ма, аяқ бау ма?
Ұзыншақ ішін ойған ағаш шүмек,
Тазалық тілегені-ау дені сауға.
Көрпесі, жаялығы бәрі асылдан,
Белгілі шықпағаны тапшы қолдан.
Амалсыз тастағаны көрініп тұр,
Тегі бар, кімде болса бардам адам.
– Ағаеке, мына балаң бекер емес,
Айтатын балаң жайлы бар ма кеңес?
Қосыңа жақындатқан кім болды екен?
Көз көріп сезіктенген бар ма елес.
Қожа айтты: – Бір салт атты қосқа жақын,
Келіпті баялышқа байлапты атын.
Жаяулап құндақ жатқан жерге келіп,
Қайтыпты құмға түскен ізін таптым.
Аттанып келген ізбен қайтқан кейін,
Жетсем деп қудым талай жерге дейін.
Бауырлап Тоқта тауын көлді айналған,
Мөлшері батыс жаққа беті бейім.
Баланың келгені анық ұзын жолдан,
Қабылдап алғаным жоқ көз бен қолдан.
Бір Құдайдан басқаның таласы жоқ,
Басы ашық өз келдеме келген олжам.
Баланы тым алысқа ұзатқаны,
Намыстан шырқыраған шыбын жаны.
Атым шығып, сүйегім сынбасын деп,
Тыныштық тілегендей жүрек қаны.
Мұны естіп Күміс отыр ойға кетіп,
Тұп-тұнық бота көзін мөлдіретіп.
Бұл іске кінәліні іздегендей,
Мынадай қорытындыға келді бекіп.
– Қыз болар оң жақтағы шолжақтаған,
Нәпсі сайтан алды-артын болжатпаған.
Өлімнен артылғанда ар мен ұят,
Құтылудан басқаша жол таппаған.
– Алданып аңқаулықпен қалма қызым,
Жат-жұрттықта жазылған дәм мен тұзың.
Құтты орныңа аман-сау қонуды ойла,
Қызға әркім қадайды сұқты көзін.
Аш көз көп, көрсем дейтін қызығыңды,
Өзің қорға өзіңнің құзырыңды.
Именбей иесіне тапсырасың,
Сындырмай сақтар болсаң жүзігіңді.
Шешесі мұны айтуды білмеді ме?
Айтса да құлаққа қыз ілмеді ме?
Аяғы айықпайтын дертке соғып,
Дос күйініп, дұшпаны күлмеді ме?
Баланың Таңшолпан деп қойды атын,
Аман болса болады қол қанатым.
Мал сойып, жарыс қазан, шілдехана,
Жасады Айкүміске толған атын.
Таңшолпан осылайша өсе берді,
Ай өтіп, жыл айналып көше берді.
Қожекең көрген сайын көңілі шалқып,
Тынысы кеңіп, желдей есе берді.
Қожекең жақсы білген жылқы жайын
Азайтқан жылқы ішінде көздің майын.
Тоғатып таңнан бері “күрең қулық”
Бошалап кетпекші боп жүрді дайын.
Тебініп артқы аяғын қағып қайқаң,
Сырғақтап шетке шығып жүрді сойқан.
Тер басып, үрпі шертіп, сауыры түсті
Белгісін Қожекең де жүрді байқап.
Ширығып толғақ қысып жиілетті
Жылқыны оңды-солды жарып өтті
Жата қап екі-үш аунап құлындады
Құлынға жарық көрер мезгіл жетті.
Тигізбей жерге бауырын ытқып тұрып,
Сілкінді басын шайқап мойынын бұрып
Енесін шыр айналды қалтаң қағып
Үйірілді “күрең қулық” құлдық ұрып.
Қожекең бұл қылығын тамашалап,
Әр түрлі жақсылыққа тұрды балап.
Қас жүйрік туа жерге жатпайды деп,
Айтылған бұрынғыдан бар ғой сабақ.
Қасына жақын келді қылмай тағат,
Қуанды еркек құлын үзік сағақ.
Бозғылтаң, ор ауызды, түсі торы,
Біркелкі төрт сирағы кері балақ.
Құлынның Кербалақ деп атын қойды,
Ен салды, оң құлақтың артын ойды.
Арнадым Таңшолпанға төл ат бол деп,
Қожекең кеңге салып жүрді бойды.
Үйретті құнанында Кербалақты,
Қожекең жылқы малға көз қарақты
Кеуделі, шоқтығы мен сауыры биік
Бітімі көрген жанды жалт қаратты.
Сыныптай мөлдіреген бота көзі,
Секемшіл, үркек, қорқақ жоқ мінезі
Тездігі ор қояндай атылып тұр
Үштөбе жүйрігіңнің нағыз өзі.
Шөп өсер күннің көзі жерге төнсе,
Сылаумен нәресте өсер бабы келсе
Халықтың мәтел сөзі бейне сондай
Тек бала туып көзге көрінгенше.
Бұралып өсті Шолпан тал шыбықтай,
Күмістің көз алдынан ұзап шықпай.
Аруана Ақботасы секілденді,
Құлпырды гүл ашатын шұғынықтай.
Айкүміс бақты гүлдей үлбіретіп,
Көйлек тікті етегін желбірлетіп.
Зерленген төбетай үкіледі,
Оюлап көк сауырдан кигізді етік.
Маржандап қызылды-көк құндыз бөркін,
Камзолы қынама бел ашты көркін.
Жалынды жанған оттай өткірлігі,
Жасытпай жанын салып өсірді еркін.
Төгіліп иығына қолаң шашы,
Жіңішке қалам сызық имек қасы.
Маңдайлы, қырлы мұрын, шие ерін,
Аққұба жарасымды сырт тұлғасы.
Мөлдіреп қарақаттай бота көзі,
Қоңыраудай сыңғыр дауыс, нәрлі сөзі.
Құрбыға бұртаң-жыртаң қылығы жоқ,
Салмақты жұмсақ келген бар мінезі.
Жүрекке ұшқын тастап көз қарасы,
Еріксіз көргендердің түсті ықыласы.
Аққудың көгілдірі секілденіп,
Үлбіреп он алтыға келді жасы.
Қожекең мінгізетін Кербалаққа,
Жасынан үйренсін деп мініп атқа.
Қасына ертіп талай жылқы жиған,
Апарған той-томалақ, думан топқа.
Қыз қуу, қара жарыс, сынақтарда,
Сан сетер шалдырмаған пырақтарға,
Шапқанда қос танауы кең көріктей,
Жүйрікке қызықпайтын қазақ бар ма?
Талайлар қолқалаған өліп-өшіп,
Бағалап біреуінен біреуі өсіп,
Қожекең “Кербалақ ат сатылмайды,
Қызымның төл аты” деп айтқан кесіп.
Сол Қожа өткен күзде дүние салған,
Кербалақ, Таңшолпаны артта қалған
Бірі-әке, бірі-ағадан айырылдық деп
Айкүміс, Таңшолпандар шерлі болған.
Оң-солын келе жатқан жаңа танып,
Бұл жағдай Таңшолпанға батқаны анық,
“Жан ата сенен қалай айырылдым” – деп,
Қыс бойы жасын төкті, назаланып.
Қайысып қабырғасы Айкүмістің,
Айырылған туысынан ол да міскін.
Шолпанды ала қыстай уата алмай,
Жүрекке қайғы отынан түсті ұшқын.
Қыс кетіп, көктем келіп, қар кеткенде,
Жып-жылы ескек соғып, желдеткенде
Бастады Наурыздың тойын халық,
Жасайтын тілеу көже – күн жеткенде.
Сақтайтын бар дәмдісін таңдап алып,
Қазанға жеті түрлі түйір салып,
Шақырып бірін-бірі кезекпенен
Бәске ішкен, құдайы көже біздің халық.
Барын киіп баршасын күнге жайып,
“Қолда деп қырық-шілтен – еренғайып”,
Тұтатып арша бүрін, үйді аластап,
Шалқитын табиғатпен бірге байып.
Ұлыстың құтты болсын Ұлы күні,
“Теңелді Көк-Тәңірінің күн мен түні.
Жібіді Самарқанның көк тасы” – деп,
Араздық, кешілетін ердің құны.
Мал төлдеп, ақ молайып, дәулет асып,
Жаралыс алуан түрлі ырыздық шашып,
Тойлайды он күн созып жаңа жылды
Қарбалас бір бірімен араласып.
Кезегі көп көженің Айкүміске,
Келіпті ертеңгі күн талма түске
Сол күнгі қазы-қарта, майлы сүбе,
Елес боп, жас-кәріге қалыпты есте.
Келіпті бір жас жігіт домбыралы,
Кәсібі тек домбыра, баққан малы
Ән салса қозы көшке дауысы жетіп,
Құмарын қалың жұрттың қандырады.
Бұл бала ақын дейді Әсет деген,
Әр жерде халық мақтап, әспеттеген
Тоқтатпай бойдағы өнер жүрсе керек,
Жас бала жиырмаға жас жетпеген.
(Әсет Қисметінің екінші түрі)
– Ау, Ән салсаң Әсеттей сал әсемдетіп,
Қоздырып делебені әсерлетіп.
Шалқытып, шалықтатып, шығандатып
Шапшытып, шүмектетіп, нөсерлетіп.
Талдырып, талықсытып, тамылжытып,
Орғытып, орағытып, баса өрлетіп,
Самғатып, саңқылдатып, сар желгізіп,
Қырық қарпып,т оқсан толғап, бес өрлетіп.
Қайырмасы:
Хала-ләку, ләли-ләй,
Хала-ләку,ләли-ләй!
А-ау, қарқынды үн, қан қыздырып,
жанды жай ғып,
Жүрекке жетсін бойдан кесел кетіп,
Сүйсінтем, суырылтам ән сұлуын
Тілім бал, сілекейін шекерлетіп.
Сарайым-саба, құям пісіп-пісіп,
Тойғызам ән-қымызға, ой кернетіп.
Сөз жаңбыр, даусым дауыл, әнім ескек,
Ойнақтап басылайын аз желдетіп.
Қайырмасы.
* * *
Осылай отырғанда ақын шалқып,
Өр дауысы көк жүзінде тұрды қалқып
Таңшолпан көз ала алмай тұрып қалды,
Жүрегі аттай тулап, бойы балқып.
Бұл сәтті ақын жігіт отыр бағып,
Тәтті әнмен Шолпан қызға үкі тағып
Бұл-дағы өзгеше бір күйге түсті
Тынымсыз, жас жүрегі қатты қағып.
Біреуі – өнер, біреуі – сұлулыққа,
Сұқтанды да қамалды тығырыққа
Тек қана көзбен көңіл білдірісіп,
Сырларын шығара алмай отыр сыртқа.
Сүрі жеп, лықа тойып көже ішкен
Әркімдер сыртқа шығып, желпініскен.
Екі жас осы орайды пайдаланып,
Тіл қатып, ішкі ойларын білдіріскен.
Таңшолпан, сен де жассың, мен де жаспын,
От шығар сынығынан асыл тастың.
Адамзат жалқы өмір өткізбейді,
Келіп тұр осы жайлы ақылдасқым.
Шолпан айтты: “Түсіндім сөз төркінін,
Қыз балаға тез ерер өсек шіркін.
Әкемнің топырағы ескірген жоқ,
Мезгілсіз жараспайды ойын-күлкім.
Алдағы күз әкемнің жылын берем,
Қарызын мойынымдағы өтеп көрем.
Әсетжан, қазір маған өкпелеме,
Сөзіңе жылдан кейін жауап берем”.
Екі жас осылайша сөз бекітіп,
Тарасты, алдағы өтер жылды күтіп
Әсет те бұған қарсы бола алмады
“Ақылды сөз айтты-ау” – деп, ләпсіні іркіп.
Шолпан мен Кербалаққа әркім құмар,
Дүние-ай, Таңшолпанға болсам сыңар.
Көбейіп арман қуған жастар жағы,
Сөз болды елдің іші ұзын-сонар.
Бірінен-бірі іштей қызғанады,
Көкейде қызыл иттен із қалады.
Шал алмайды, мал алар дейтін заман,
Қасқырдай мойынын бұрап қыз баланы.
Бұл маңда Дәуіт еді – малы өскен,
Дәуітке теңесетін бай жоқ дескен.
Жүйрік ат, ақпа жорға жүздеп бітіп,
Ат мақтаса айырылған ақыл-естен.
Бір ұлы, аты оның – Есім деген,
Бошалаң, арқауы бос есілмеген.
Кеңірік тұмсығынан сөйлеуші еді,
Қырсығы сол себепті кесілмеген.
Сол Дәуіт, толымды ғып, қалың айдап,
Есімге Таңшолпанның басын байлап,
Кетіпті құда түсіп, тұздық жалап –
Деген сөз тарады елге, аңдағайлап.
Малдыбай дәулет біткен момын кісі,
Қулық-сұмдық қақ-соқпен жоқ жұмысы
Аузын ашса көрінген көкірегі,
Келмейтін адам көңілін қалдырғысы.
Дәуіттің көңілін қимай малын алған,
Қыз беру сара жол деп елден қалған.
Таңшолпан бақытынан кеш қалмасын,
Қалдырмас кімді қапы дүние жалған.
Бұл ойы жақпай қалып Айкүміске,
Айкүміс ашуланып кеткен күшке,
Тең-теңге, тезек қапқа деген қайда,
Бермек пе едің Таңшолпанды жарымеске.
Малдыбай сонда қатты сасқалақтап,
Ту баста жөн екен ғой ақылдассақ.
Баласы Дәуітбайдың жаман ба еді,
Құдайым адастырды қайда бастап.
Баласын Дәуітбайдың жек көрдің сен,
Жас адамның жаманы болмас деп ем.
Өзің біл ақылменен малын қайтар,
Басымды ауашалап тұрайын мен.
Айкүміс қанша айтып Дәуіт ерге,
Жалықты басқыза алмай сөзін өрге,
Сөз айтып, бұған енді шаршамайын,
Құда ғып шығармаспын деді төрге.
Дәуіт жүр Айкүмісті көндірдім деп,
Ісімді ойымдағы өндірдім деп.
Жүйрік пенен жорғаға кім қызықпас,
Қоздырмай даудың отын сөндірдім деп.
Шалғыншы шөп тексерген шығып тауға,
Көктемнен көшіп жатты ел жайлауға.
Сағынып сары қымызды таңдайлары,
Самалда жұрт шақырмақ бие бауға.
Қасқиған иір жолмен күдір қайқаң,
Атандар жүк көтерген басты майпаң.
Әне бір қақпа тастан өгіз құлап,
Қиратып қазан-ошақ шықты сойқан.
Кимешек көк-жасылдап омырауын,
Алады түсті шапан көздің жауын.
Барады бәйбішелер көш жетелеп,
Боталар шылдырлатып қоңырауын.
Қарынсау бие мінген майда жалдан,
Алдына құрмалаулы бесік алған,
Соңынан құндыз түкті құлын еріп,
Жас әйел сызылтады әнге салған.
Киінген көшке жақсы қыз-келіншек,
Маңғазсып қасын керген тым еріншек,
Шағылысып киім-тұрман күн нұрына,
Жарасар көштің көркі солар десек.
Бұлықсып бесті мінген бозбалалар,
Жанасып қыз жауабын көзден алар,
Жасамыс отағасы, өткір әйел,
Бір-бірін өңі өзгерген сөзбен қағар.
Қалжыңға беті ашылып, тіс қақпаған,
Ұяң қызға сөз тастап асқақтаған.
Барады аусар мінез сақа сері
Бүркіті биалайда пыштақтаған.
Жігіттер тон шалбары қалдырлаған,
Қамалын кедейліктің алдырмаған.
Лыпылдап ауған жүкке бұрау салып,
Байлауын бекітіп жүр салдырлаған.
Жүк ауып күйіп-піскен қартаң жігіт,
Келіншегін көш үстінде тұр қыжыртып.
Кінәсіз жәбірленген жас келіншек,
Үнсіз тұр жұмсақ шытпен көзін сүртіп.
Тұқырып Шолпан иінген Керібалақ,
Көтеріп қыз сүлдесін жылжып барад,
Барады қаяу көңіл селқос Шолпан,
Дүниеге солғын жанар көзбен қарап.
Жете ме қысқа қолың созсаң зорға,
Өте ме жақсы назың айтсаң қорға,
Жігіттен көңілі қайтты, келіншекті аяп,
Еріксіз сорлысың деп түскен торға.
“Күлмеймін, күйінемін құрбым саған,
Ертең-ақ сенің күнің келер маған.
Мен бірақ сен сияқты көне алмаспын,
Жеткізбей жер соқтырып кетем оған”.
Осындай көңіліндегі қиял-арман,
Шолпанды алыстатып бұраң жолдан.
Қалың көш Көктекшеге тоқтады кеп,
Мекендеп атасынан үзбей қонған.
Бақ етіп, белі талған, шөкті атандар,
Орманды,саялы тау, биік заңғар,
Көп қимыл, жүк түсірген бала шулап,
Таңырқап тұрды қарап, таудағы аңдар.
Кілемдер көздің жауын алатындай,
Көп теңге шешпей көңілің толатындай,
Күмп етті көк шалғынға мамық жастық,
Жайылып сырмақ, тоты қанатындай.
Жиылды өз орнына асыл бұйым,
Қоңсылар тікті алдымен байдың үйін.
Шал-шауқан, кемпір-кешек терлеп-тепшіп,
Сүрі жеп, Айкүмістің көрді сиын.
Осылай қонып әркім қонысына,
Жайлаудың мал жүздірген сонысына
Сабылып қымыз ішіп, қозы жейтін,
Бір жасап қалатұғын онысына.
Жайлауда көбейетін той-томалақ,
Той десе тоқтамайтын бас домалап,
Құсбектер қыран құсын ала жүріп,
Тұғырға қондыратын томағалап.
Қымыз бен етке бөккен біздің халық,
Көкке аунап жатушы еді тыныс алып,
Келтіріп тойдың сәнін жастар жағы,
Әртүрлі көрсететін ойын салып.
Қыз қуып, көкпар тартып, ат шапқызған,
Бәс тігіп, мергендерге теңге атқызған,
Күресіп атан жілік балуандар,
Сүмбе саусақ күйшіге күй тартқызған.
Тоқсан күн жайлау үстін қызықтайтын,
Қазақ жоқ бұл мезгілге қызықпайтын,
Айқасып алыс-беріс, құда-жекжат,
Құйрық бауыр табағын тұздықтайтын.
Жаз ауып, сарғыш тартқан жайлау өңі,
Дүниенің қоңыр салқын шықты демі,
Ормандар жыртық киім секілденді,
Жел қуып желбірлеген етек жеңі.
Шаңырқап, бозғыл тартып қалыпты аспан,
Әр жерде шаң үйіріп, құйын басқан.
Сарыны өзеннің де мұңлы естіліп,
Жер бетін тұяқ кесті әжім басқан.
Жақындап ел етекке түсетін кез,
Қызығы көк жайлаудың өтіпті тез.
Төрінде Малдыбайдың отыр Дәуіт,
Келінін сұрай келіп бастады сөз.
Айкүміс жақын келді тіке қарап,
Дәуітке жай оғындай көзін қадап,
Қызы жоқ Малдыбайдың саған берер,
Қайтып ал бергеніңді қылдай санап.
Ұқпайсың жөн айтылған сөздің тегін,
Мен саған қыз бермеймін демеп пе едім,
Аз емес Малдыбайдың малы сенен,
Тұрса да өрт жалындай шығып демің.
Жөн білсең кеуделенбе, сөйле абайлап,
Мен де осыған тоқтайын сөзді байлап,
Қоялық екеумізде кермал сөзді,
Түгендеп ауылыңа қайт малыңды айдап.
Айкүміс осы болса бекігенің,
Адамнан қайтқан емес бетім менің,
Аламын, сен бересің қара да тұр,
Асқынып керек емес көкігенің.
Мал бітсе ессіз адам еріге ме?
Ұқсайды бейне жыртқыш бөріге де
Әр істің байыбына барар болса –
Қорытса алтын мен жез біріге ме?
Ұлымды жез, қызыңды дедің алтын,
Көтеріп тастандының сонша нарқын.
Алтын басты әйелден бақыр басты,
Ер артық деп ежелден айтқан халқым.
Ойласаң әйел де адам, ер де адам,
Туылған екеуі де тек анадан.
Ананың қадіріне жете алмайтын,
Бұл мақалды айтқан ғой сендай надан.
Орнынан тұрды Дәуіт сонда айғайлап,
Көтеріп екі езуі, көзі жайнап:
“Қызыңның құнын түгел беріп болдым,
Әкетсем еріктімін қазір байлап”.
Жөн білсең кеуделенбе, сөйле абайлап,
Адам саған мал емес жүрген айдап.
“Атасыздың аузы үлкен” – деген осы
Сен қашан алып едің кісі байлап.
Мен сені жөн білетін жүйрік десем,
Екенсің кері кеткен, сөзге шешен
Өмірде тірі жүріп неғылайын,
Жібегіңді жүн қылып жидітпесем.
Айттың сен айтарыңды маған сарқып,
Мен де саған айтайын түптен қарпып,
Кеңірікке Шолпанды қор қылғанша,
Маған да тірлігімнен өлген артық...
Осылай егерлесіп екі долы,
Тарасты, тоғыспады жүрер жолы.
Екеуі бір-біріне тісін басып,
Серттерін орындамақ жетсе қолы.
Таңшолпан бұл айтысты түгел тыңдап,
Бекініп бір тоқтамға келді шындап,
Алып кеп Кербалақты ерттеп қойып,
Үстіне бар асылын киді таңдап.
Жақындап Айкүміске қадам басып,
Отырды иығына қолын асып:
– “Жан тәте, өңің қашып кетіпті ғой,
Мен үшін күйзелдің-ау қаның тасып”.
Жаңағы аласұрған кәрі сайтан,
Кешікпей ауылыңа салар тойпаң.
Алдыңда мені байлап алып кетсе,
Мәңгілік қорланармыз, болар сойқан.
Қолға түспей тұрғанда мен кетейін,
Қан жұтып, қасіретімді тербетейін.
Туғанда қаңғытыпты мені тағдыр,
Жасымды жапан түзде көлдетейін.
Жан тәте, үкідей ғып үрлеп едің,
Қайғы уайым дегенді білмеп едім.
Мен қазір тіршіліктен күдер үздім,
Болмаса қара жерге кірмегенім.
Мойынымда таудан үлкен қарызың бар,
Тірі жүрсем қайтару парызым бар,
Өліп кетсем кеше гөр ақ сүтіңді,
Кешілмесе маһшарда жазым қылар.
Айкүміс тыңдап отыр жасын төгіп,
Оның да қабырғасын қайғы сөгіп,
Тірідей айырылысу қандай қиын,
Өңі қашып көзінің нұры сөніп.
Сөзіңнің бәрі дұрыс Таңшолпаным,
Ешкімнің теңгермеуші ем хан-сұлтанын,
Өзінің сүйгеніне барар деуші ем,
Кез болдың зорлығына бұл ортаның.
Сен менің қызым емес, туысымсың,
Кім жанын аяп қалар туыс үшін,
Ниетім саған деген қарыз емес,
Әлі де қорғар едім жетсе күшім.
Басымнан көрмеп едім сөз асырып,
Сөз қайтардым сөзіне мен де ашынып,
Жалғыздық мені дағы қинап отыр,
Оның жөн кетпек болған бой жасырып.
Бет алды жапан түзде жүрме қаңғып
Артыңнан қуар мүмкін, байқа, аңдып
Түзулеп қара ағашты бетіңе ал,
Қиял жеңіп, қайғымен кетпе лағып?!
Содан ары батысқа көлді айналып,
Жете көр ымырт болмай көз байланып,
Мұндайда асқан жігер, қайрат керек,
Босбелбеу, бор боп жүрме қайғыланып.
Тоқта таудың батыс жақ бауырында,
Қалың ел Тоқпақ дейтін қауымында
Туысқан Алтын атты әпекем бар,
Табарсың сұрастырсаң ауылын да.
Ол өзі іргелі елдің анасындай,
Силайды қалың Тоқпақ данасындай.
Тоқпақ елі ұйымшыл, жауынгер ел
Мейірімді, жетім-жесір панасындай.
Алтын да ұстар сені таза баптап,
Бермейді сені жауға қалың Тоқпақ,
Тоқпақтар Қасабайлап атқа қонса,
Шегінген бет келе алмай жауы тоқтап.
Осылай қош айтысып атқа мінді,
Көлдетіп көздің жасын екі мұңлы
Көселтіп Кербалақты кетті Шолпан,
Айкүміс көз талдырып қарап тұрды.
Кербалақ бойы қызды желдей есіп,
Лақтырды төрт тұяғы құмды көсіп.
Жер ойылып, көкшалғын жапырылып,
Артына белгі салды ізі жосып.
Жеткенде Арқалдыға білінді ебі,
Жып-жылы бетке тиіп тұрды лебі,
Аяғын Арасанның кескен кезде,
Итерді кеудесінен қайт, деп кері.
Шолпан қыз аттың басын ірікпеді,
Көп қиял, шым-шытырық бірікпеді.
Екінті намазының шамасында,
Бойына Қара ағаштың келіп кірді.
Сорлы қыз созалаңдап аттан түсіп,
Топырағын атасының жатыр құшып:
Жан ата, тірлігіңе зар ғып мені,
Көзімнен алыстадың бұлбұл ұшып.
Сен кеттің – қасіреттің уын іштім,
Панасыз, мүсәпірлік күйге түстім,
Келемін алып қашып шыбын жанды,
Тап болып зорлығына қара күштің.
Жан ата, өмір силап, жер басқызған,
Он жеті аман өттім шың мен құздан,
Жақсы аттың жалында өсіріп ең,
Еске алсам көңілім толқып, ой бұзылған.
Түбінде баялыштың байдың қосы,
Асушы ең бақыр, қазан, ағаш мосы
Кеш ата, топырағың торқа болсын,
Асығыс қош айтысқан жерім осы.
Жетектеп Кербалақты жағалады,
Наурыз берген жұртты шамалады.
Тыңдаған жас ақынның асқақ әнін,
Оны іздеп қазір қайдан таба алады.
Әсетжан, қайда кеттің хабарласпай?
Тұр ма екен екеумізді Тәңір қоспай,
Сен әлде маған кінә аудардың ба?
Артымнан ермеді деп жылды тоспай.
Туу баста өзің едің сөз тастаған,
Қайтарып түзу жауап мен қостаған.
Аударып әлде басқа әкетті ме,
Шарадай көрініп бір, көз тастаған.
Келе көр домбыраңды иыққа асып,
Қайрат бер жас жаныма жүрген жасып,
Жүрекке ғашық отын жағып едің,
Бұл дерттен құтыламын қайда қашып.
Қашпайын, құшағымды кең ашайын,
Тірлікте сыбағама таласайын.
Әсетжан, іздер болсаң, тезірек кел,
Бетімді көкірегіңе бір басайын.
Әсетжан бағымбысың, дертімбісің
Бұл күнде күйіп жанып өртенді ішім,
Өртіңмен жанып бітіп күл болам ба,
Білмедім өмірімнің ертеңгісін.
Сәлем айт, Әсетжанға тау менен көл,
Тез жеткіз қасіретімді сахара шөл,
Сен үшін жапан кезіп зарланды деп,
Айта көр құлағына сыбырлап жел....
Атының көзіндегі сүртті терді,
Бұрымын жел тарқатқан қайта өрді,
Жақындап қара ағашқа қалған екен,
Он шақты қуғыншыны көзі көрді.
Қуғыншы жеткен екен Керібалақ,
Жүрмесін екеумізді бөрі талап,
Тірідей қолға түсіп қор болғанша,
Мың артық өлгеніміз таудан құлап.
Мына бір алдындағы жалғыз атты,
Екпіні көрінеді желден қатты,
Бәлен ат, Кербалаққа жетті деген,
Бойыңа ілестірме жаманатты.
Дәуіттің аты шулы Қаракері,
Шапқанда иектейтін жын мен пері,
Тақымдап Кербалақты келе жатыр,
Моншақтап сауырынан аққан тері.
Кербалақ қайшылады қос құлағын,
Секілді бұлдыраған бейне сағым,
Көзге ұрып Қаракерді бара жатыр,
Лақтырып қара жолдың топырағын.
Қаракер ауық-ауық мойынын созып,
Басады ауыздығын жыны қозып,
Көкке ұшып кетпесең жетем дейді,
Көрген жоқ жылқы малы менен озып.
Кербалақ түсінгендей мұның ойын,
Күш билеп керемет бір кетті бойын:
Сан жүйрік шаңыма да ілеспеген
Көрейін асып тұрса абыройың.
Қос жүйрік бір біріне серт қылғандай,
Өзегін егес оты өрт қылғандай
Бірі – жетсем, біреуі – жеткізбесем,
Осы талас бір-бірін мерт қылғандай.
Па, шіркін, қазағым-ай көңілі асқақ,
Таныған қас жүйрікті әуел баста-ақ.
Жылқының қара тілді жүйрігіне,
Баспа-бас қызын берген айырбастап.
Егесіп кетті осылай екі саңлақ,
Бейне бір аспанда ұшқан құстай самғап.
Ымырт боп қас қарайып көрінбеді,
Аттардың тұяғынан ұшқан шаңдақ.
Батысқа бұрылғанда көлді айналып,
Қап-қара түнек басты көз байланып,
Кербалақ екі кезең бұрын асты,
Қарасын көрсетпеуге ыңғайланып.
Жануар шапқан сайын өрттей маздап,
Сүйегін қыздырғандай желік қозғап,
Бір-екі көлденеңнен секіргенде,
Таңшолпан әрең қалды ұша жаздап.
Алғандай қасақана хақтан бұйрық,
Долы жел сабалайды құмды үйіріп,
Бірде жар, бірде жартас кезіккенде,
Кербалақ жол іздейді кілт бұрылып.
Таңшолпан білді жолдан адасқанын,
Өзінің қойыны-қонышын құм басқанын,
Адасқан қуғыншының дауыстары,
Ұлыған бөрідей боп ұласқанын.
Баспады айғай шыққан жаққа қарай,
Еркіне Кербалақтың бермеді орай,
Атбасын зорлықпенен бұра берді,
Кеткенін қай тарапқа барлай алмай.
Тау көшіп теңселгендей жердің үсті,
Жаудырған тас бұршақты дауыл күшті
Көз алды көрінбейтін күйедей түн,
Шолп етіп Керібалақ көлге түсті.
Сұлуды құшаққа алды сұлу толқын,
Сипады қоңыр шаштан, алды бөркін
Таңшолпан жер бетінен таба алмаған,
Тыныштықтың ырғынына батты еркін.
Дауысынан қорыққан жоқ қуғыншының,
Кез болды қорғаушыға күші мығым.
Қос сұлу бұдан әрі көрінбеді,
Көк торғын құрды Алакөл шымылдығын.
Аққудай сыңар таппай жүрген жалғыз,
Дауысына жаңғырыққан шың менен құз.
Елестер мәңгілікке зарын айтып,
Жүргендей көл астында салт атты қыз.
Таңшолпан батқаннан соң Алакөлге,
Еселеп екпіндеді ебі желде
Бұл апат Дәуіт сенің қырсығың деп,
Ұшырып құз жартастан ұрды жерге.
Секілді бір жамандық бір ізгілік,
Мінезі табиғаттың күрт бұзылып,
Обалы Таңшолпанның жібермеді,
Қаракер Дәуіт өлді мойыны үзіліп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу