Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  76


Автор: Пәридә Манапқызы

Арман-ай

Көзімнен бұлбұл ұшып бір арманым,
Орнымнан үш ұмтылып тұра алмадым.
Өлең сенсіз жанымда шаттығым жоқ,
Көп бақытты тәңірден сұрамадым.
Бір өксік бар көңілден айықпайтын,
Бір әнім бар әуендеп қалықтайтын.
Бірі бүтін қанатым, бірі сынық,
Бірақ, арман медетім талықпайтын.
Не келеді бұл басқа, не кетеді,
Өз аққуын айдын көл тербетеді.
Жаутаң қағып жанарым жылап тұрам,
Тоймай көңіл тірлікке шөлдетеді.
Барар жері қайда екен тиянағым,
Басып келем өмірдің қияларын.
Тәй-тәй басқан бөбектей екі аяғым,
Бірақ байсал тартыпты қиялдарым.
О, менің сезімдерім, егілмегін,
Мен қазір жанатұғын кезімдемін.
Қайғым менің теңселген жасыл орман,
Жаралған таудан менің төзімдерім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу