Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  95


Автор: Гүлден Мүлікқызы

Қоштасқым келмейді

Бағым ба, менің сорым ба?
Мен әйтеу саған жолықтым.
Өзің деп соққан жүрекке,
Еш амал таппай торықтым.
Неге екен маған тағдырым,
Мұң менен зарды жазыпты.
Емес те бәлкім шығармын,
Сүйгенім үшін жазықты.
Сыртыңнан келіп қайтамын,
Баса алмай жанның жалынын.
Бір көріп ғашық болды деп,
Сөге де көрме, жарығым.
Кеудені керді сағыныш,
Сезін сен, мейлі сезінбе.
Тұтқын боп қалдым мәңгіге,
Жанған бір отқа көзіңде.
Жүрекке түскен ұшқының,
Жанбаса енді сөнбейді.
Тұлпардай тулап жүрегім,
Сабырға мүлде көнбейді.


Боларсың, бәлкім, сен маған,
Әлі де назар бұрмаған.
Сені ойлап шеккен азабым,
Қиындау болып тұр маған.
Алдыңда сенің әрдайым,
Сөз таппай үнсіз қысылам.
Түсімде бірақ тіл қатып,
Өзімді саған ұсынғам.
Шуақты сол бір түсімді,
Келмейді мүлдем жорытқым.
Жынданып қалған адамдай,
Өзімнен өзім қорықтым.
Сырлы да әрі сиқырлы,
Азабы мынау өмірдің.
Күйік боп менің көзіме,
Несіне, қалқам, көріндің?
Осыдан ары айтуға,
Дәтім де бармай жасқанам.
Жүрсек те бірге сағынып,
Қызғанам сені басқадан.
Махаббаттың алмас қанжары,
Жанымды әр кез кескілер.
Шарасыз айтқан бұл сөзім,
Ерсілеу саған естілер.
Сүйдім деп қалай мен сені,
Қоямын кінә өзіме.
Сол-дағы маған жетердей,
Жолығып жүрсем өзіңе.
Аңсаған нағыз арманға,
Ешкімнің қолы жетпеген.


Досым деп жүрсең болғаны,
Күтерім менің тек сенен.
Азабын шегіп ғашықтың,
Дейсің бе мені жүдесін.
Өзіңді әркез алдымда,
Такаппар ұстап жүресің.
Жабырқау әр кез жүремін,
Жылауым жеңіп күлкімді.
Көзге ілмей сенің тұрғаның,
Сезілед маған сүйкімді.
Түсейін өзім әлекке,
Сүймей-ақ қойшы сүймесең.
Халымды білгің келсе сен,
Осылай әр күн күй кешем.
Жұлдыздай жанып төбемнен,
Үміттің шамы сөнбейді,
Күдерімді үзіп тұрсам да,
Қоштасқым саған келмейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу