Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  135


Автор: Гүлден Мүлікқызы

Сағындым туған ауылды

Сағынып жүрмін,
Ақ бұлттар көшкен тау жақты.
Жусаны аңқып,
Жұпарын шашқан аумақты.
Сыңсыған орман,
Сылдырап аққан бұлақтар,
Азайтар еді-ау санама түскен салмақты.
Сағынып жүрмін,
Сағындым туған ауылды,
Алдымнан шығып қарсы алар аға-бауырды.
Балауса жырды бәйгеге қосқан үкілеп,
Сағындым тағы,
Ағайын- туыс бәріңді.
Жаңбырдан соңғы,
Жауқазындай қып жайнатқан,
Көктемдегі,
Сағындым нөсер жауынды.
Сағынып жүрмін,
Анамның ақ құрт, қаймағын.
Кеңеспен құйған,
Жеңгемнің қызыл шайларын.


Төскейдегі анау,
Байлаған бие бауларын.
Сағындым бүгін,
Әкемнің жасыл жайлауын.
Сағынып жүрмін,
Ақ еділ құрбы-құрдасты.
Көрші үйден барып,
Қыдырып ішер түнгі асты.
Сағынып жүрмін ақтарылатын ағынан,
Бірге өсіп біте қайнасып кеткен сырласты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу