11.09.2022
  280


Автор: Құрал Көмекұлы

Сенім жеңісі

Мен үшін ең ұлы қорғаныс аясы және көмек көзі – ұлтымның кеудесі
Ататүрік
Бұл поэма Шанакқала соғысында 276 кг-дық пушканың бомбасын көтеріп қазіргі Туркияның дұшпандарға берілмеуіне үлкен септігін тигізген, тарихқа есімі жазылған Сеиіт онбасшы батырға арналады.
(Шанаққала шайқасына 100 жыл) Ақын Құрал Көмектің Түркиядағы Шанаққаланың жүзжылдығына арнап жазған «Сенім жеңсі» поэмаснда Сейіт деген азаматтың өсу, толысу кезеңдері жан-жақты суреттеледі. Кейіннен Сейіттің рухсыздық арқалаған жауға қарсы елдік, ұлттық мүдде жетегінде дара мінез көрсеткендігі ақындық сезім аясында баяндалады.
Қазір көптеген мемлекеттерде және біздің елде де материалдық байлықтың, спорттың, жеңіл әндердің бірінші қатарға шығып, адамды адам ететін рухани құндылықтардың ең кейінгі қатарға ысырылуына орай, қалың қауымның түсінігі де, бір-бірін түсінуі де үлкен өзгеріске ұшыраған.
Осыған орай, мен мынадай жаңа ұстаным жарияладым: «Кім шындығын жоғалтып алса, «ақты - ақ, қараны - қара» деп айта алмаса, яғни, сөзі басқа, ісі басқа болса, және елдік, ұлттық мүддеге терең тамыр жібере алмаса, мейлі ол жүз жерден үлкен жазушы, үлкен ақын, үлкен ғалым, үлкен саясаткер болсын, ол өз халқының шындықтан бойын аулақ салған, рухани мазмұнсыз, мағынасыз перзенті».
Осы шағын поэманың авторы Құрал Көмекті де сол биіктен көрер болайық.


Мұхтар Шаханов


 




І бөлім
Сұрасаң заңғар Чамлык тауларынан,
Сыр тартсаң дана Чамлық жандарынан,
Баяндар Сейіт батыр ғұмырынан
«Монастыр» ескі кенттің аумағынан.
Жырлайды шерін төгіп өткендерін,
Шертеді жасыл желек көктемдерін.
Қыранның ұяларын көп белдерін
Көлдері, өзендері, өткелдерін.
Тәкәппар тағдыр көші бабалардан,
Ұрпағы ұлыларды бағалаған.
Өсірген ұл-қыздарын өршіл етіп,
Сүйінген арқа тұтып жер анадан.
Бастаудан тулап ағар өзені де,
Сағыныш саздары бар өзегінде,
Қанында, сүйегінде махаббаты
Ар намыс-ең асыл өз елінде.
Тербетіп ақ бас шыңдар дана күйін,
Чамлыкта қуанышты болды жиын.
Үйленіп Әминадай ару қызға
Тұрғызды Абдурахман жамал үйін.
Бәйгеден келген талай қазан аты,
Чамлыктың қадір тұтар азаматы.
Намысшыл екеуі де ары таза,
Қайнаған ынтымақпен қазан оты.
Жігіт ол Абдурахман қарапайым,
Тірлікпен сусындатқан күн мен айын.
Шөп шапты, егін екті Әминамен
Айтады демалғанда еңбек жайын.
Ақ бұлттар шықса қалқып көк төріне,
Тамсанып туған ауыл көктеміне.
Әмина ұл аңсайды ақ көңілмен
Таянып шаршағанда кетпеніне.
Ері де ұқсап аспан жұлдызына,
Бөленді ақсақалдар алғысына.
Ұл сұрап ол да кейде ойланатын
Сүйеніп шөп шапқан шалғысына.
Жапқан жоқ екеуі де жатқа нала
Лайықты жақсы деген атқа ғана,
Кеудеде бақыт-үміт құстай ұшып,
Шулайтын теңіз жақта ақ шағала.
Кей-кейде шығып өзен жағасына,
Сүйсінген туған жердің даласына.
Тамсанып тұрушы еді тұнық көкке
Сіңіріп екеуі де санасына.
Аңсаған тауға қарап түлектерін,
Тұндырып өсиетке жүректерін.
Әмина торсықтайын бір ұл тапты
Бір күні Алла беріп тілектерін.
Дән толды сол жылдары қамбасына,
Бөленіп шапағаттын ырысына.
Жыл болды берекелі, мерекелі,
Ай маңдай бір ұл келіп отбасына.
Құттықтап келді туыс құрбылары,
Жыр айтып сүйіншілеп тұрды бәрі.
Көгінде күле қарап күміс күнің
Шырқалды бесік жырдың сыңғыр әні.
Бауырмал бауырлары ақылдасып,
Ақындар жыр оқыды шабыт тасып.
Өскенде ер болсын деп елге пана
Ат қойды Қожасейіт мақұлдасып.
Әмина еміренді бал жасынан,
Толғанып тұратұғын тау-тасынан.
Туған жер, туыстардан қуат алды,
Әлденді әжелердің қалжасынан.
Көктемнің таңдап жүріп гүлін терген,
Әмина ботам деген, күнім деген.
Нәр алып анасының уызынан,
Сәбиі бесігінде күлімдеген.
ІІ бөлім
Көкті тіреп,
Алыстағы шың дастан,
Өмір көші
Үзілмеген жалғасқан.
Бала Сейіт
Тәй-тәй басты талпынып,
Бабасының келбетінен аумастан.
Есі кірді Сейіт бала есейді,
Танып білді ата менен шешейді.
Ана тілдің бұлағынан сусындап,
Ғибраттың қызыл шоғын көсейді.
Жыр оқыды
Биік менің тауым деп,
Тебіренді
Менің байтақ далам деп.
Елжіреген әкесі мен анасы,
Шаттанатын, мейірленіп балам,- деп.
Қызықтады мұзарттарды, заңғарды,
Ерлігіне бабалардың таңқалды.
Ауылдағы жалғыз жолдың бел асып,
Үлкен жолға қосылғанын аңғарды.
Арқыраған асау толқын сарыны,
Саздың үні санасының арыны.
Кеудесінде барлық әуен үндесіп,
Абыздардан бар өнеге дарыды.
Қия кезсе
Шыңдар шырқап жыр айтты,
Орман кезсе,
Тал шыбықтар сыр айтты.
Қылыштайын
Қайрап жігер намысын,
Даналары
Ақ алмастай сын айтты.
Текке өтпес шаруаның әр күні,
Маңдай терден нәр алады сан гүлі.
Әкесінен бала Сейіт үйренді,
Қалай тарту керектігін шалғыны.
Әкесімен бірге жүріп жер жыртты,
Құрмет тұтты кішкентайдан ел- жұртты.
Ғазалдардың ғажабымен толғанып,
Бесік әнін тыңдап өсті ең құтты.
Қарсы алып
Қуанды ол көктемді,
Тұлымынан
Самал сипап көк төнді.
Анасынан үйренді ол жүйекке
Қалай салу керектігін кетпенді.
Мейірімімен құйылады жан ізгі,
От басында ой айтылды маңызды.
Көк аспанның құс жолына құмартты
Ақсақалдар айтқан кезде аңызды.
Әкесімен
Балға, орақ шыңдады,
Еңбек етті,
Бір сәтке де тынбады.
Елі үшін ерегіскен ер жайлы
Анасының ертегісін тыңдады.
Қысқы түндер
Қарлы боран, ұзақ таң,
Қыз сияқты сыңситұғын ұзатқан.
Елегізіп талай түндер естіді
Абаданның ұлығанын ұзақтан.
Әуелетті
Асқақ әннің әуенін,
Тілін білді,
Қырандардың,сәуенің.
Қиялдады сұңқар бала қыранмен,
Кие тұтып алтын сақа өз елін.
Жігіт болды
Өжеттігі нар қасқа,
Талай-талай бөленді ол алғысқа.
«Саздың» үні кеудесінде күмбірлеп,
Жүрегінде айтылмайтын ән басқа.
Өресіне
Өсиеттер жазылған,
Туған жердің тарихынан тасынан.
Киелі күй кеудесінде парлатып
Кемел оймен кемелденді жасынан.
Бірге күліп,
Көктем және жаздары,
Құшағында
Талай арман маздады.
Жасын жүрек тапты бір күн егізін,
Ұнап қалып бір бойжеткен наздары.
Көркем екен
Тал шыбықтай бұралған,
Қол бұлғады
Қос бұрымды жыр алдан.
Жансарайын жадыратып жауқазын
Бақыт тапты сол сұлуға ұнауда7
Махаббаттан ұшқын атып жыр үні,
Гүлдеп жатты сонау белде қыр гүлі.
Мәңгілікке серттесті де екеуі,
Қол ұстасып үйге келді бір күні.
Ата деген ана деген дана ғой,
Жетелейді желкендейін арман ой.
Келінменен баласына бақ тілеп,
Екеуіне жасап берді ұлы той.
Бүкіл ауыл
Жарасты деп жас бала,
Салып берді әп-әдемі баспана.
Кереметтей күндер өтіп кермеден
Бірінен соң бірі келді бес бала.


Сұңғыла шың
Сұңқар тұлға өр тасты,
Чамлық ауыл
Тағы міне ән шашты.
Қуанышы, жұбанышы дәулеті
Ұрпағына ұрпақ келіп жалғасты.
Момын шаруа
Егін екті дән болар,
Ағып жатты
Жайма-шуақ жылғалар.
Соның бәрін бір-ақ күнде мұң басып,
Жетті суық соғыс деген сұм хабар.
Дұшпан келіп батырмақшы қайранға,
Көнбейтұғын ұлы ел ғой ойранға.
Бала-шаға, шал мен кемпір, туған ел,
Сейітті де аттандырды майданға.


ІІІ бөлім
Азулымен
Айқасқалы бетпе-бет,
Сын сағаттар
Ұлы майдан жекпе-жек.
Сарбаздармен иықтасып Сейіт тұр,
Кеудесінде буырқанып от жүрек.
Жер мен көктің
Тынысы да тарылып,
Асау толқын
Жағалауды сан ұрып.
Тас қамалдың кеуделерін соғады
Зеңбіректің зіл оқтары жарылып.


Жағалауда
Оққа ұшқан шаһиттер,
Ерлік-егес
Жерді құшқан мәйіттер.
Майдан шебі, ұлы шайқас арпалыс,
Сардар ұлдар қатарында Сейіт ер.
Қалса дағы
Сиреп сарбаз қатары,
Жүректерде
Жанып жатты от әлі.
Шегінбеді, берілмеді ешкім де,
Олар үшін жалғыз тірек Отаны.
Осындайда
Тағдыр сынар алыпты,
Жеңе алмас
Дұшпан қайсар халықты.
Мұқалмастан мұңаймастан Сейіт тұр
Зеңбіректің жалғыз оғы қалыпты.
Күш жігері бойға толған бар әлі,
Ал қасында досы Али жаралы.
Зеңбіректен от шашпаса тап қазір
Аждаһардың ашылмақшы араны.
Ана үшін,
Сәби үшін,
Жер үшін,
Тас түйіндей
Бойға жиды бар күшін.
Көз алдында қатуланған әкесі,
Қарап тұрған қайрап-алып шалғысын.
Омырауы
Өртенеді от демі,
Көз алдында
Алыс ауыл, өткені.
Егіс алқап, анасы тұр қолында,
Шаршағанда сүйенетін кетпені.
Ойға түсті
Ошағы мен бесігі,
Елестеді
Босағасы, есігі.
Туған ауыл, кіндік қаны киесі
Бауырлары, көршілері, дос игі.
Төбесінде
Көк түріктің аспаны,
Толағайжан
Дүлей толқын жас жаны.
Құлағында бесік жырдың әуені,
Үзілмеген арманы мен дастаны.
Жалғыз Алла
Жар болды да қолдады,
Отан үшін
Бойда қуат толғаны.
Еңкейді де
Ерен күшпен көтерді,
276 кг бомбаны.


Шешуші сәт
Ерлік -намыс сыналар,
Туған жердің топырағын
Таптайтұғын кім олар?
Құшағында зеңбіректің зіл оғы,
Кеудесінде дала тауы, қалалар
Күңіренді
Күрең тартып күн сыздай,
Жауға деген
Ыза -кегі тым мұздай.
Маңдайында
Жалт-жұлт еткен тамшылар,
Сорғалайды кіп-кішкентай жұлдыздай.
Қарауытып дүзі қылыш дауылдай,
Тұла бойы
Лапылдаған жалындай.
Кеудесінде
Нәзік қана бір сәуле
Зеңбірекке жақындады адымдай.
Құйындатып нөпір бұлттар қаптады,
Соңғы қадам,
Соңғы оқпен тоқтады.
Найзағайлар
Сілкіндіде аспанда,
Абдан-Сейіт
Зеңбірегін оқтады
Қатар соғып
Оқпен үміт жүректе,
Бүкіл арман
Отан деген тілекте.
Жебедейін бір сәт қалды тартылып,
Бұлтылдатып бұлшық етін білекте.
Жауға қарай
Мойнын созды зеңбірек,
Тап дұшпанға
Өжеттенді сан жүрек.
Жалғыз ұшқын жарқ еткенде тұтанып,
Сұңғат бойын Сейіт алды тез түзеп.
Жалын шашты
Зеңбіректің өңеші,
Құлағандай
Көк аспанның төбесі.
Сейіт атқан
Жалғыз оқтан өртеніп,
Жанып жатты жаудың алып кемесі.
Қамал үсті
Қою өрттің түтіні,
Айбарланып,
Сейіт ұлдың бітімі.
Теңіз беті дұшпандардың өлігі,
Оқылғандай тажал-тәңір үкімі.
Чанакқала
Өскен өлке тым ыстық,
Орнағандай
Болды бір сәт тыныштық.
Қаза болған бауырларға қарайды,
Айбаттарын жатқан бәрі қылыш қып.
От оранған
Туға қарап алқызыл,
Туға ұқсап
Алаулайды жалғыз ұл.
Көк теңізге қосылыпты бұлақ боп,
Шейіт болған достарынан қан қызыл.


Тауды бұзған тасқындайын түйініп,
Қас жауына сынбады ол иіліп,
Асқақтатып, аспандатып айбынын
Шың басына қойды апарып ту іліп.
Күн көрінді тұман кетіп түбектен,
Көк аспан да арылғандай түнектен.
Естіледі мәрмәр теңіз ұраны
Жап-жас толқын, ақ жал толқын жыр еткен.
Тартпай қоймас текті ұрпақ негізге,
Ұқсап кетті ту мен Сейіт егізге.
Жамбасында жазуы бар «Осеаn»,
Алып кеме батып кетті теңізге.


ІV бөлім
Кішілікті ұлылыққа балаған,
Нағыз ерді сын сағатта сынаған.
Кемал Паша даңқты ол қолбасшы,
Ерлігіңді қастерлеген қалаған.
Өлкесінен
Нелер биік сыр ұққан,
Даласына
Тамған мұнда кіндік қан.
Тұла бойын тулатады тектілік
Туған жерін ежелден-ақ пір тұтқан.
Бойындағы
Ыстық қаны намысты,
Табалаған
Жаумен жүріп тартысты.
Туған жерін таптатпады бөгдеге,
Азулымен айбаттанып алысты.
Шайқастарда ұқсап айбар кескінге
Айқастарда ұқсайтын ол көшкінге,
Батылсыздық
Болар дейсің дос кімге?
Қорған етті әр түріктің кеудесін,
Сол кеудені бастырмады ешкімге.
Еркіндікпен келер талай ой толғам,
Хабар алды Сейіт жайлы майданнан.
Сол сарбазды
Арнайы ол шақыртты,
Ерліктерге есігін ол айқарған.
Сейіт сарбаз қобалжыды абдырап,
Кемал патша қарсы алды жадырап.
Шайқас жайлы
Достар және ел жайлы,
Кофе ішіп, сыр бөлісті азырақ.
Ерлік ұғым көнелерден
Қанық ән,
Бүкіл елі қос қыранды
Таныған.
Екеуі де ер түріктің перзенті,
Намыстарын найзасына жаныған.
– Айтшы қане,
Майдангерім, сардарым,
Жаумен қалай арпалыстың
Шайқастың?
Қалай жардың жаудың алып кемесін!
Қорқынышты болған жоқ па?
Айқас тым!
Дұшпандарға қарсы тұрдың шетелдің,
Сондай ауыр бомбаны
Айтшы қалай көтердің?!
– Өлім жайлы
Ойламадым қолбасшым,
Сіз бастаған
Ерліктермен жолдаспын.
Ауылымды, бес баламды, өлкемді,
Мен оларды қорғамасам оңбаспын.
Үмітімді
Бір сәтке де үзбегем,
Өсиетпен
Өскен ұрпақ біз деген.
«Әр түріктің бастырмаған кеудесін»,
Сенім күшті болды бізде сіз берген!
Жеңістерге
Жетеледі сол сенім,
Табан тіреп
Тұрғанымда сол сенім.
Адастырмай алып шыққан сол сенім,
Жау кемесін жарғызған да сол сенім!
Сол сеніммен үмітімді жебедім,
Сол сеніммен достарымды демедім.
Сол сенімнен маған қонды батылдық
Сол сеніммен жауымнан да көп едім!
Сол сеніммен айбыным да арындап,
Сол сеніммен
Жауға шықтым жалындап.
Ондай сенім тұрған сәтте бойымда,
Жерім үшін
Отқа түсіп жану бақ.
Жігерімді қайрағанда сол сенім,
Сол сеніммен сездім сүю өлшемін.
Туған жұртқа тірек болу тілегім
Бойымдағы бар қуатым сол менің!
- Иә, иә - деді Кемал ойланып:
- Рух дегенің алынбайтын ұлы күш,
Оны қорғау ерлер үшін ұлы іс,
Мақтанамыз сендей өжет ұлдармен
Сұңқарлар деп дәріптейміз мұны біз!
Айту керек бекер өмір сүргенін,
Туған жерін қорғамаса кімде-кім?
Қырандардың киелісі қияда,
Мен өзіңдей сұңқарлармен біргемін!
Еске алды тағы біраз майданды,
Елдің жайы, келешекті талдады.
Сонан кейін,
Кемал тұрып ойланып:
Егер қазір
Көтерші деп сұрансам,
Көтеруге қалайсың сол бомбаны!


– Отан қорғау нағыз ісі ерлердің,
Достарымды
Майданда көп жерледім.
Жаным менің арым үшін садақа,
Намысымды таптатуға бермедім.
-Тулап тұрар ондай кезде намысым,
Ол бомбаны көтергенім әділ шын.
Отан атты махаббатым тұрғанда,
Бомба ауыр
Болған жоқ қой мен үшін!
Айта алмаймын
Көтеріп мен беремін,
Сезіп тұрмын оның үлкен көлемін.
Көлдерімді лайлар болса дұшпаным,
Ондай күштің келеріне сенемін!
Күлімсіреп қалды сол сәт Кемал да,
- Ұлы мақсат біздер үшін сол дана.
Намыс отың
Біле білсең сол пана.
Отаныңды сүю деген іңкәрлік,
Тіршіліктің нәрі білсең сол ғана.
Елің сүйер нағыз ұлға тең келдің,
Мен өзіңді қырандарға теңгердім.
Ерлігіңді сенің ерен бағалап,
Саған Яхта
Сыйлауды мен жөн көрдім!
Сейіт үнсіз тұрып қалып
Ой айтты:
-Сыйлық алу маған артық сияқты.
Яхтаңызды
Ала алмаймын қолбасшы,
Шаһит болған достарымнан ұятты!
Елге барам бөлісемін
Барыммен,
Өмір сүрем
Аппақ таза арыммен.
Менің үшін сыйлықпенен пара-пар,
Кофе ішу сіздей үлкен дарынмен!
Шертілгендей саз үнінде достық ән,
Ардың ісі қас батырды қостырған.
Намыс үшін өмір сүру ерге сын,
Бірін-бірі түсінгендей қос қыран.
Үнсіз тұрған Кемал басшы
Манадан:
- Саған ұқсас болса,- деді
Бар адам!
Нағыз ер боп туылғансың
Анадан.
Жеңіс деген азаттық олҰлы таң.
Қара жерді баса берсең топырақ
Қара жерді өңдей білсең ол Отан!
– Елге барғын, дұшпандарды жеңдік деп,
Өлкемізді біз өңдеуге келдік деп.
Түлете бер жас буынды өзіңдей,
Сәбилерді келе жатқан еңбектеп.
V бөлім
Қарапайым Сейіт еді аттанған,
Батыр болып оралды ол майданнан.
Ауыл- аймақ, іні-бауыр түгел кеп,
Қуанышқа жайды бәрі дастарқан.
«Отан десең жерді барып өңдегін»,
Кемал сөзі айтылмаған ол тегін.
Ертесіне
Ерте тұрып алды да,
Бастап кетті
Қарапайым еңбегін.
Адал еңбек
Қандай бақыт жалғанда,
Армандасаң
Сейіт ұлдай арманда.
Қорғап қалған өз жұртының намысын,
Батыр Сейіт көмір сатты Хавранда.
Сол отыннан
Шуақ алды қырлары,
Сол отынмен
Отқа айналды жырлары.
Туындады
Кеуделерде мықтылық,
Ата жолмен оғын жонды ұлдары.
Сол отыннан жылу алды аспаны,
Теңіздерде толқындады дастаны.
Анасының омырауын тартқылап
Сезіп жатты сәбилердің жас жаны.
Туған жердің
Гүлі болып өнсек деп,
Өсті ұлдар
Дұшпандарын жеңсек деп.
Сол көмірмен батыр жүрді тарқатып,
Кеудесінің намыс отын бөлшектеп.
Сол отынмен әрбір үйге тарқатқан,
Көк Түріктің аруағын жалғатқан.
Әр шаңырақ ошағында ұшқындап,
Жанды лаулап қуатты от жан-жақтан!
P.S
Шаңқ – шаңқ етті шың басында сұңқар үн,
Қас батырлар баптай білген тұлпарын.
Кеудесінде қанжар жыры жарқырап,
Биік таумен зәу боп кетті іңкәр ұл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу