Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  1357


Автор: Нұршаш Тоқтарқанқызы

Әже

Бай өмірдің біз нәрін жүрсек те еміп,
Сағынышым жырымда жүр септеліп.
Бір дарқандық қалтаңнан шығушы еді,
Тәтті құрттар түйілген түйіншекке еріп.
«Мынау тәтті ала ғой, қорғаным»,
Деп ұсынар мейірін бар балаға.
Кең далаға көңілі тартып туған,
Әже, сені дейтін ел қормал ана.
Әз әже кіршіксіз ақ шылауышты,
Үйрендім сенен сүю, қуанышты.
Сен берген құртқа қосып алушы едім,
Бойыма ерік құяр жылы ағысты.
Берші, әже, сол құртыңның бір сынығын,
Қаулап кетсін қуат ап тіршілігім.
Мен өзіңнің қалдырған бұл өмірге,
Бұтағыңнан көктеген бүршігіңмін.
Сол қалпыңмен кешінде күн сап қырдың,
Әр балаңа қарайлап бір сәт тұрдың.
Әже, сені түсімде көріп жаңа,
Оянғанда орнымнан аңсап тұрдым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу