Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  69


Автор: Әзия Мағыперқызы

Таң күліп тұрды

Таң күліп тұрды жаға-жеңі ашық көйлекпен,
Мәңгілік сырды кетеді ашып кей көктем.
Жеңімнен тартып жетектеген қай желік,
Тегіннен тартып бейім бейбақпын бейнетке ең.
Көктемгі самал даланың ерке елшісі,
Жаңғырып тұрған жартастардың да дерт іші.
Кебенектерін керемет білген көзсіздер,
Көбелектердің көршісі.
Көктемнің құсы құрбымнан әуен үйренген,
Сұлулық пенен шындықты адамдар сүйгенмен.
Шымылдықтардың астында шындық шырылдап,
Зұлымдықтар мен сұлулықтар үйленген.
Білмейді бұлақ билеп, жылап күлгенді,
Сұрақпын деп сұқтанады күн белгі.
Жұлдыздар жылап өмірден сезет кім өтті,
Білмейді бірақ өмірге жылап кім келді.
Екеуміз осы ғашық болып көріп пе ек,
Ерінімізді келтірдік епке еліктеп.
Таңдарға еріп тарқалып кеттік сәуле боп,
Түндердің үрей керуеніне еріп кеп




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу